АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп NBC News телеарнасының хабарында баяндалған деректер бойынша парламенттік тексеру жүргізуге шақырды. Әңгіме АҚШ-тағы президенттік сайлауға ықпал ету мақсатымен жасалған кибершабуылға ресейлік хакерлердің қатысы туралы АҚШ барлауының жария болған баяндамасындағы бұған дейін құпия саналған деректер жөнінде болып отыр.
Трамп бұл туралы мәлімдемесін қаңтардың 6-сы күні, аталаған баяндама мазмұнын талқылау үшін АҚШ арнайы қызметтері басшыларымен өзі алдын ала жоспарлаған кездесуден бірнеше сағат бұрын жасаған.
"Аса құпия ақпарат мен әлі онымен таныспас бұрын NBC телеарнасында қалай пайда болғанын тексеруді өкілдер палатасы мен сенат комитеттері жетекшілерінен сұраймын" деп жазған Трамп Twitter әлеуметтік желісінде.
Конгрестегі демократтар мен республикашылар жетекшілері әзірше Трампқа жауап берген жоқ. Бұған дейін Конгресс мүшелерінің көпшілігі америкалық саяси ұйымдардың серверлерінен электронды хат-хабарларды Ресей үкіметінің қолдауына сүйенген хакерлер ұрлағаны туралы АҚШ барлау қызметінің жасаған тұжырымын қолдаған болатын. Трамп мұндай тұжырым өз көңіліне қонбайтыны туралы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.
Жұма күні АҚШ-та былтыр қарашада болған президент сайлауының нәтижелерін ресми бекіту рәсімі өтті. Сол сайлаудан жеңіске жеткен Дональд Трамп қаңтардың 20-сы күні АҚШ президенті ретінде ант бергеннен кейін қызметіне ресми түрде кіріспек.