Қырғызстанда 17 қаңтар ұшақ апатынан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жарияланды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, бұл туралы жарлықты президент Алмазбек Атамбаев шығарған.
Қаңтардың 16-сы күні Қырғызстан астанасы Бішкекке жақын жердегі Манас халықаралық әуежайы маңында Гонконгтен Стамбулға ұшып бара жатқан түркиялық Боинг-747 жүк ұшағы саяжай үйлеріне құлап, 30-дан астам адам қаза тапты. Құрбандардың 28-і - Қырғызстан азаматтары, төртеуі - ұшақ экипажының мүшелері. Апаттан 11 адам жараланды.
Президент жарлығында аза тұту күні елде барлық мемлекетік органдар мен дипломатиялық және консулдық өкілдіктерде Қырғызстан туын төмен түсіріп, телеарналар, радио, мәдени орындарда ойын-сауық бағдарламаларын тоқтату ұсынылған.
Қырғызстанның бас прокуратурасы ұшақ апаты бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс Қырғызстан қылмыстық кодексінің "Әуе көліктерін қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын бұзып, кісі өліміне себепкер болу" бабымен ашылды.