Accessibility links

Қырғыз саясаткері Атамбаевтың оффшордағы активі туралы айтты


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен парламенттегі "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаев.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен парламенттегі "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаев.

Қырғызстан парламентінің депутаты, "Ата Мекен"фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаев президент Алмазбек Атамбаевтың Кипр оффшорындағы мүлкі туралы ақпарат тапқанын хабарлады. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Текебаев бұл туралы Бішкекте өткен "Әлеуметтік күйзеліссіз саясат. Бұрмалаусыз сайлау" деп аталатын форумда мәлімдеді. Текебаев тапқан ақпаратын жақын уақытта көпшілікпен бөлісуге уәде берді.

"Ата Мекен" жетекшісі Текебаев бұған дейін президентке табыс көзін жариялауды және соншалықты байлықтың қайдан келгенін айтып беруді сұрап жүгіну ниеті барын мәлімдеген. Кейін Текебаев Атамбаевтың 2010-2015 жылдары 6 миллион 18 мың сом (қазір бір доллар 69 сомға тең) ақша табыс тапқанын, ал осы аралықта оның шығыны 34 миллион сом болғанын хабарлаған. Текебаевтың сөзіне қарағанда, бұл сома мемлекеттік кадр қызметінен алынған мәліметтер негізінде есептелген.

Президент Алмазбек Атамбаев Текебаевтың бұл мәлімдемесіне жауап беріп те үлгерді. Атамбаев бас прокурор Индира Жолдубаеваға Текебаевтың "Кипрде табылған президенттің мүлкі" туралы ақпарат бойынша тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша қоғамды хабардар етуді тапсырған.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011 жылдың желтоқсанынан бері басқарады. Оның президенттік өкілеттігі 2017 жылдың соңында аяқталады.

XS
SM
MD
LG