Accessibility links

Жанболат Мамайдың белсенділігі


Жанболат Мамай.
Жанболат Мамай.

Азаматтық белсенді ретінде танылған журналистің «қаржы жымқыру ісі» бойынша тергеуге іліккені әріптестерін таңырқатты.

Қамауға алынғанға дейін әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы «соңғы кездері әлдекімдер өзін аңдып жүргенін» айтып келген Жанболат Мамай көпшілікке «билікті сынайтын белсенді» ретінде танылған. Сол себепті де «көлігінің терезесін екі рет сындырғаны, бірнеше көлікпен соңынан аңдығаны, газетін типографиядан шығартпай кідіртуі» бастапқыда «билікті сынаған белсенділерді» кезекті қорқытып-үркіту ісі сияқты көрінген.

Бірақ оның «БТА банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар, «БТА банктен» ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Саяси қалам. Трибуна» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікке ілінуі таңдандырды.

СТУДЕНТТІК КЕЗДЕН БАСТАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛІК

Саясаткерлер мен белсенділер 28 жастағы Жанболат Мамайды «билікке сын көзқарасын ашық айтатын жас саясаткер» деп сипаттайды. Солардың бірі – «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай «Мамай тек журналист-редактор, публицист ретінде ғана емес, белсенді ретінде де қоғамдық мәселелерге араласты» дейді.

Жанболат Мамайдың белсенділігі Рысбек Сәрсенбай басқаратын «Жас Алаш» газетінің тілшісі болған студент кезінде байқалған. Мамай 2008 жылы 8 мың студенттің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған мәлімдемесін ұйымдастырып, «7500 теңге стипендияны кем дегенде 35 мыңға немесе 300 долларға дейін жеткізсін» деген талап қойған.

Арада бір жыл өтпей Жанболат Мамай Астанада парламент мәжілісінің сол кездегі төрағасына ашық хат тапсырмақ болған топпен бірге арнайы жасақтың қолына түсті. Мұны 19 жастағы белсендінің полициямен алғашқы «кездесуі» деуге болады.

Белсенділер Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды ҰҚК абақтысынан босатуды талап етіп, акция өткізіп тұр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.
Белсенділер Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды ҰҚК абақтысынан босатуды талап етіп, акция өткізіп тұр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.

Алайда бұл кезде Жанболат Мамай билікпен конструктивті диалогқа дайын белсенді ретінде байқалған. 2010 жылы көктемде Мамайдың «жастардың жалпыұлттық жиынын өткізу» туралы бастама көтеріп, билік өкілдерімен кездесуден соң айнып қалғанын «билікпен ымырашылдық» деп бағалағандар болды. Жиын өтпейтіні туралы ақпаратты білмей алаңға жиналған бір топ жас оны «әкімдікпен әріптестік орнатты» деп те айыптаған.

2011 жылы президент Назарбаевтың өкілетін ұзартуға қатысты референдум өткізуге қарсы шыққан Жанболат Мамай бастаған «Рух пен тіл» клубының бес белсендісіне 180 мың теңге айыппұл салынған. Бұл Жанболат Мамайға салынған айыппұлдардың басы болып саналады.

ӘБЛЯЗОВПЕН «АЛҒАШҚЫ БАЙЛАНЫС»

Жанболат Мамайдың белсенділігі 2011 жылы Жаңаөзен мұнайшылары жеті ай ереуілдеген тұста көрінді. Ереуілшілерге бірнеше рет барып қолдаған оған «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айып тағылып тұтқындалды. Тергеу органдары «Мұхтар Әблязовтің қолдауымен құрылған ұйымдасқан қылмыстық топтың» қатарында Жанболат Мамайды да айтқан.

Маңғыстаудағы Қаражанбас кенішінің наразы мұнайшыларымен 2011 жылы жазда кездесіп тұрған белсенді Жанболат Мамай мен театр режиссері Болат Атабаевтың суреті. Сурет "Жаңаөзен" сайты 2012 жылы өткізген көрмеден түсірілді.
Маңғыстаудағы Қаражанбас кенішінің наразы мұнайшыларымен 2011 жылы жазда кездесіп тұрған белсенді Жанболат Мамай мен театр режиссері Болат Атабаевтың суреті. Сурет "Жаңаөзен" сайты 2012 жылы өткізген көрмеден түсірілді.

Кейін ол «шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» бабымен босап шыққан. Мамайды босатуға араласқан Төлеген Жүкеев: «Ол ешқандай да ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі емес, біреудің нұсқаулығын орындайтын атшабар да емес. Тек мәселеге немқұрайды қарай алмайтын адам, журналист, қоғам белсендісі» деп сипаттаған.

Мамайдың Әблязовпен «байланысы» туралы ақпарат 2014 жылы Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша ресейлік ұлтшыл Александр Поткин Мәскеуде ұсталғанда да сөз болған. Бірақ Жанболат Мамай өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын, бұл істе тек куәгер екенін айтқан.

Жанболат Мамайдың белсенділігі өзі шығаратын «Трибуна. Ашық алаң» газетінің билікті сынаған материалдарынан да көрінді. 2012 жылдан шыға бастаған бұл газет бірнеше рет жабылып, даулы соттардан кейін бірнеше рет айыппұл салынған.

«Билік тарапынан қысым жасалды» деп мәлімдесе де, Жанболат Мамай белсенділігін тоқтатпаған. Ол 2014 жылы ақпанда Украинадағы «Еуромайданға» барып, қолдау білдірген. Еуразия экономика одағына қарсы бірнеше рет қарсылық жиындарын өткізген. 2016 жылы бірнеше облыс орталықтарында өткен жер сатуға қарсылық митингілерінен кейін тұтқындалғандарды босатуға ықпал етуді көздейтін «Араша» қоғамдық комитетінің құрамына кірген.

«ПИАР» ЖӘНЕ «ПАТРИОТ»

Он шақты жылдан бері қоғамдық белсенді ретінде танылған Жанболат Мамайдың әрекеттерін «өзін-өзі жарнамалау» деп санаушылар да бар. Соның бірі – журналист Айгүл Омарова Жанболат Мамайдың белсенділігін бірнеше жылдан бері қадағалап жүргенін айтады. «Қазіргідей қамауда отырған кезде ол туралы пікір айтқым келмейді» деген Айгүл Омарова «БТА банктің» Жанболат Мамаймен байланысы болды» дегенге сенбейді.

– Өйткені «БТА банк» қызметкерлері Жанболат Мамай деген белсендінің бар екенін ол кезде білмеген де шығар, – дейді журналист.

Айгүл Омарова Жанболат Мамайдың белсенділігін жақсы білетінін айтып, «бірақ оның бәрі – өзін насихаттайтын пиар» деп санайды.

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мұндай пікірмен келіспейді.

– Жанболат Мамай – шын мәнінде патриот. Ол биліктің теріс әрекетін сынады, сол үшін қамауға алынды, айыппұл төледі, ол шығаратын «Трибуна» газетін билік қысымға алды. Соңғы кезде ол конституцияның 26-бабын өзгертуге болмайтыны туралы мәлімдеме жасап, ашық хат ұйымдастырып жүрген болатын, – дейді ол.

Бақытжан Төреғожинаның пікірінше Жанболат Мамайдың қамауға алынуына осындай белсенділігі, «Трибуна. Саяси қалам» газетінің сыны себеп болған.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

– Біріншіден, ол газет – өз сатылымымен зорға күн көріп отырған газет. Екіншіден, биліктің қисынына салып «Әблязовтан ақша алды» дейтін болсақ, онда «Әблязовтің қылмысы дәлелденіп, сот болып па еді?» деген сұрақ туады. Ондай сот болған жоқ, – дейді ол.

Бақытжан Төреғожина – Жанболат Мамайды қорғау үшін құрылған қоғамдық комитеттің мүшесі. Жанболат Мамайды қорғау комитеті 2012 жылы ол қамауға алынған кезде де жұмыс істеген еді. Ол кезде «Жанболат Мамай мен Болат Атабаевты қорғау комитеті» деп аталған.

Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, «БТА банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтың ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Жанболат Мамайды «БТА банктен» ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Саяси қалам. Трибуна» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тергеп жатыр.

ВИДЕО: Жанболат Мамайға қамалғанға дейін жасалған қысым

Мамайға қысым хроникасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:58 0:00

Жанболат Мамай қамақтан жазған мәлімдемесінде тағылған айыптар бойынша өзін кінәлі санамайтынын айтқан. «Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және «Трибуна» газетін жабу әрекеті деп есептеймін» дейді ол.

XS
SM
MD
LG