Ақпанның 26 күні таңертең Бішкек халықаралық әуежайында Қырғызстан парламентіндегі «Ата Мекен» партиясы фракциясының лидері Омурбек Текебаевты ұсталды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Австриядан іссапардан оралған депутатты Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері ұшақтан түскен бетте ұстап, тергеуге әкеткен. Текебаев 48 сағатқа ұсталған деп хабарланды.
Бұдан бір күн бұрын билік Омурбек Текебаевқа қатысты қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша іс қозғағаны белгілі болған. Қылмыстық іс «Мегаком» мобильдік байланыс операторының ісі бойынша қозғалған. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, соңғы бірнеше айдың көлемінде Қырғызстан парламентіндегі «Ата Мекен» партиясы фракциясына мүше үшінші депутаттың үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.
Оппозициялық фракция депутаттары өздерін билік саяси себептермен қудалап жатыр деп мәлімдеген. Осыдан бірнеше күн бұрын Омурбек Текебаев өзінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың оффшорлық есеп шоттары туралы ақпарат барын мәлімдеген болатын. Ол қолындағы мәліметтерді жариялап, мемлекет басшысынан жеке кіріс көздерін ашуды талап етуге уәде еткен.
Бүгін Текебаевтың жақтастары Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті алдына жиналды. Оппозиция белсенділері мұны "саяси қудалау" деп бағалайды. Парламент депутаты Аида Салянова «билік Текебаевтан қорыққандықтан осындай қадамға барды» мәлімдеді.
ВИДЕО: Омурбек Текебаевтың жақтастары МҰҚК алдына жиналды: