Accessibility links

IFEX Назарбаевты Жанболат Мамайды қудалауды тоқтатуға шақырды


Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Ой-пікір еркіндігі құқығын қорғау ұйымдарының халықаралық желісі (IFEX) қазақстандық журналист Жанболат Мамайдың қамалып, қуғындалып жатқанына алаңдаушылық танытты. IFEX Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған үндеуінде Мамайды Алматыдағы тергеу абақтысында қысым көргені туралы мәлімдемені тергеп, оны қудалауды тоқтатуға және оған қатысты сот процесін әділ өткізуге шақырды. IFEX сонымен қатар мәлімдемесінде Мамайдың жұбайына доқ көрсетілгенін тергеп, журналист пен оның отбасының болашақтағы қауіпсіздігіне кепілдік беруге шақырды.

Мәлімдемеге 29 құқық қорғау ұйымы, оның ішінде Алматыдағы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы, "Артикль 19", "Журналистерді қорғау комитеті", "Цензура индексі" және басқа да ұйымдар қол қойған.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы Жанболат Мамай ақпанның басынан бері бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің "БТА Банктен" жымқырды делінген қаржының бір бөлігінің ізін газет арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған деген күдікпен қамауда отыр. Бірақ Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Ақпанның соңында Мамай адвокаты Жанар Балғабаева арқылы Алматыдағы тергеу абақтысында "басқа тұтқындар тарапынан соққы жеп, моральдық қысым көргенін" жеткізген. Мамайға кіріп шыққан Ұлттық превентивтік механизм өкілдері биліктен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен. Құрамына қазақстандық журналистер мен құқық қорғаушылар кіретін Мамайды қорғау комитеті де оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG