Accessibility links

Сот Әмин Елеусіновтің ісін Ақтауда қарау жайлы өтінішті қанағаттандырмады


Айыпталушы Әмин Елеусіновті қолын кісендеп, Алматы аудандық 2-сотына әкеле жатыр. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.
Айыпталушы Әмин Елеусіновті қолын кісендеп, Алматы аудандық 2-сотына әкеле жатыр. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.

Жұма күні Астана қаласындағы Алматы аудандық 2-сотында Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусіновтің ісі бойынша өткен алдын ала тыңдауда судья Гүлжахан Ұбашева істі Ақтау қаласында қарауды сұраған қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырмай тастады. Адвокаттар Гүлнәр Жуаспаева мен Төлеген Шаиков қылмыстық іске негіз болған оқиғалар Ақтау қаласында өткендіктен тыңдауды Ақтау сотына беруді сұраған болатын. Судья істі тергеу Астанада жүргізілгенін алға тартып, адвокаттардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

– Елеусінов қамауда отырған кезде тергеуші бір де бір рет тергеу амалдарын жүргізген жоқ. Ол бізді шақырмады, ол бізді тек іс материалдарымен танысуымыз үшін және істі түпкілікті негіздегенде ғана шақырды, оның өзінде бір күннің ішінде танысып шығыңдар деп бізді асықтырды, - дейді адвокат Гүлнәр Жуаспаева.

Кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу», «билік өкілін жария түрде немесе БАҚ я телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып қорлау», «билік өкіліне бағынбау» және «билік өкіліне қатысты күш қолдану» деген төрт бабы бойынша айыптар тағылған.

Адвокаттардың айтуларынша, бұл баптардың ешбіріне қатысты Елеусінов тергеуге ешқандай түсініктеме бермеген. Олардың сөзінше, қорғаушылар позициясы әлі айқындалмаған, іс бойынша негізгі сот тыңдауы басталғанға дейін олар «киленттерінің кінәні мойындайтыны немесе мойындамайтыны» туралы айтқысы келмейді.

Адвокатт ар алдын ала сот тыңдауы басталған сәтке өздеріне айыптау актісі берілмегенін, ал клиенттеріне осыдан екі апта бұрын тергеу абақтысына жолданған қылмыстық іс материалдарының көшірмесі әлі күнге шейін берілмегенін айтады. Әмин Елеусіновтің үстінен қозғалған қылмыстық іс материалдары 15 томнан тұрады. Адвокаттар соңғы томның мазмұнымен әлі күнге дейін таныса алмай отырғандарын айтады.

Алдын ала тыңдау басталғанға дейін Әмин Елеусінов Азаттыққа жүрегі мен бүйрегі сырқат екенін айтып, денсаулығына шағымданды. Оның сөзінше, жүрегі ревматизмге шалдыққан және жүрек қақпақшасында ақау бар. Тұтқынның айтуынша, ол тергеу абақтысында дәрілер алып тұрады. Бұған қоса құлағы да нашар естиді. Сот кезінде ол судьяның айтқанын ести алмай тұрғанын адвокаттарына ыммен білдірді.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусінов қаңтардың 21-інен бері Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінде қамауда отыр. Ол ұсталарға дейін ОСС жұмысшылары компанияның Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеншітерінде екі апта бойы аштық акциясын өткізген. Мұнайшылар биліктен Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жаппауды талап еткен.

Әмин Елеусіновтің ісі бойынша негізгі сот тыңдауы сәуірдің 26-сы күні Астана қаласында басталады деп белгіленген.

Азаттық видеосюжеті (орыс тілінде):

Әмин Елеусіновтің ісін Астанада қарайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG