Түркияда бүгін конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізуге қатысты бүкілхалықтық референдум өтіп жатыр. Егер түрік азаматтары конституцияға президенттің құзіретін күшейтетін өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берсе, бұл елдің жаңа тарихында түбегейлі саяси өзгерістерге жол ашады.
Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер елде парламенттік билік жүйесінен президенттік басқару жүйесіне көшуді, премьер-министр қызметін қысқартуды, парламент депутаттары санын көбейтуді және сот жүйесін өзгертуді көздейді.
Референдум өтер күннің қарсаңында Түркия президенті Режеп Ердоған ел азаматтарын өзі ұсынған реформаны қолдауға шақырды. Үкімет конституцияға өзгертулер енгізу елді басқару жүйесін нығайтады дейді.
Ердоғанның жүргізіп отырған саясатын сынайтын оппоненттері конституцияға бұл өзгертулер енгізілсе Түркия авторитарлық билік режиміне көшуге қарай кезекті қадам жасайды деп санайды. Олар елде 2016 жылғы шілденің 15-індегі әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін билік құзыретін күшейтіп, қырына ілінгендерді қудалауға кіріскенін айтады. Өткен жылғы ол бүліктен кейін Түркияда 40 мың адам ұсталған, 120 мың адам жұмыстан қуылған.
Батыс елдері Түркия билігінің саяси оппоненттері мен тәуелсіз журналистерді қуғын-сүргінге салған іс-әрекетін сынға алған.