Астанада баспанасын бұзудан қорғау үшін оның сыртына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреттерін жапсырып қойған Несіпкүл Ұябаеваның үйін сүруге келді.
Үйді сүруге арнайы полиция жасағы, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадасы келді. Үйдің жанында полиция көлігі, өрт сөндіру көлігі тұр.
Үйде Несіпкүл Ұябаева қалып қойған. Раушан Ұябаева үйін сүреді дегенді естіп жұмысынан келгенде оны үйіне кіргізбеді.
Азаттық оқиға орнынан тікелей трансляция жүргізіп жатыр:
Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, үйді сүруге келгендер журналистер жеткенге дейін үйдің есігін бұзып кірген. Өзін көршісімін деп таныстырған Гүлжазира Маданованың Азаттыққа айтуынша, сағат 12:30 шамасында үйді сүруге келгендер алдымен үйдің есігін бұзып кірген. Сол сәтте үйден өрт шығып, Несіпкүл Ұябаева өзін үйден шығаратын кезде қолын күйдіріп алған. Бірақ өрт сөндірушілер өртті дереу сөндіріп үлгерген.
Оқиға орнына келген полицияның арнайы жасағы үйге Раушан Ұябаеваны, туыстары мен журналистерді кіргізбей тұр.
Үйдің ішіне кіріп шыққан жедел жәрдем қызметкерлері Несіпкүл Ұябаеваның денсаулығына қатысты комментарий беруден қашқақтады.
Ұябаевалардың үйін 10 мамыр күні сүреді деген хабар шыққан. Бірақ ол күні үйді сүруге ешкім келмеген. Несіпкүл Ұябаева бұған дейін 50 шаршы метр болатын үйін 2007 жылы салғандарын, үйде бауырлары бар, барлығы жеті адам тұрып жатқанын айтқан.
"Жер телімімізді "мемлекет мұқтаждығына қажет" деген себеппен алу үшін 2014 жылдан бастап үйді босатуды талап ете бастады. Сол жылы өтемақы ретінде 400 доллар ұсынған. Ал биыл 4 миллион 700 мың теңге ұсынды. Мұндай ақшаға пәтер сатып ала алмаймыз. Құдайдан да қорықпайтын шенеуніктер тым болмаса президенттен қорқатын шығар деген оймен президенттің суретін жапсырып қойдық" деген Несіпкүл Ұябаева.
Ол саяжай массивіндегі үйлерді сүру туралы сот шешімін Есіл аудандық соты 2014 жылы өздерінің сыртынан шығарғанын, бірақ ол шешім қолына тимегенін айтады.
Азаттықтың Несіпкүл Ұябаеваның сүрілетін үйі туралы видео репортажы (10 мамыр 2017 жыл):
2015 жылы Астана билігі Азаттыққа берген жауабында "Майский" саяжайлар серіктестігінің орнына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған балабақша салу жоспарланғанын айтқан.