Accessibility links

Жұмадағы хакерлік шабуылдан көптеген елдер зардап шеккен


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Еуропа пен Азияның көптеген елінде жұма күні кибершабуыл жасалып, ондаған мың компьютерге ақша бопсалайтын бағдарлама-вирус жіберген деп хабарлайды әлемдік ақпарат құралдары.

ВВС-дің хабарлауынша, WannaCrypt [WCry я WannaCryptor деп те аталады] бағдарлама-вирусы компьютердегі мәліметтерді бұғаттап тастаған соң, оны қайта ашу үшін биткоинмен ақша төлеуді талап етеді.

Әлем бойынша бұл вирустан ірі компаниялар мен ұйымдар, солардың ішінде мемлекеттік мекемелер де зардап шеккен. Ұлыбританияда кибершабуылға ұшыраған мемлекеттік ауруханалар мен басқа да медициналық мекемелердің кейбірі науқастарды, тіпті жедел көмекке мұқтаж жандарды қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған.

Испанияда бірнеше ірі компанияның, соның ішінде Telefonica байланыс корпорациясының жұмысына кедергі жасалған.

Ресей ішкі істер министрлігі кибершабуыл кесірінен мекеменің мыңға жуық компьютеріне нұқсан келгенін растады. «Медуза» порталының хабарлауынша, ресейлік «Мегафон» байланыс компаниясы да хакерлік шабуылға ұшыраған. «Газета.ру» сайты Ресей тергеу комитетінің бірнеше аймақтағы ішкі желілеріне кибершабуыл жасалғаны туралы хабарлаған.

Америкалық кейбір ақпарат агенттіктерінің мамандарға сілтеме жасап хабарлауынша, бұл бағдарлама-вирусты 2016 жылғы тамызда Shadow Brokers хакерлік тобы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің сайтын бұзып кірген кезде соның желісінен ұрлаған болуы мүмкін деген болжам айтылады.

XS
SM
MD
LG