Бүгін Астананың Алматы аудандық 2-сотында Ақтаудағы Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусіновке шыққан үкім жарияланды.
Судья Гүлжаһан Ұбашева Елеусіновті айыптаушы прокурор мен жәбірленуші OCC арасында жасалған сот-процессуалдық келісім негізінде 2 жылға бас бостандығынан айырып, "қылмыстық жолмен иеленген" мүлкін тәркілеу туралы үкім кесті. Сот сонымен қатар Елеусіновті қоғамдық және кәсіподақ қызметімен айналысу құқығынан бес жылға айырып, OCC талап еткен 14 миллион теңгеден астам қаржының прокурор сұраған 8 миллион 212 мыңнан астам теңгесін өндірту туралы талабын қанағаттандырды.
Судья Елеусіновті жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтеуге, жаза мерзімін тұтқындалған 2017 жылдың 20 қаңтарынан есептеуге, Ақтаудағы пәтері мен банк есепшоттарындағы қаржысын тәркілеуге үкім кесті. Сот үкімі 15 күннен соң күшіне енеді.
ВИДЕО: Әмин Елеусіновке сот үкімі оқылды
Прокурор Данияр Темірханов пен Әмин Елеусіновтің және жәбірленушінің арасындағы келісім 12 мамырда жарияланған. Келісім бойынша, Елеусінов "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру" және "полицияға тіл тигізу, бағынбау және күш қолдану" баптары бойынша тағылған айыпты мойындаған. Келісімге сай, Елеусінов OCC жұмысшыларына 2018 жылдың мамыр айына дейін 8 миллион 212 мың теңге төлеуі тиіс.
Сот аяқталған соң Азаттық тілшісі Елеусіновтен үкімге қатысты пікірін сұраған. Елеусінов өзінің "бұдан басқа таңдауы болмағанын" меңзеді.
Кеше судья Гүлжаһан Ұбашева Әмин Елеусіновтен төртінші рет "Кінәңізді өз еркіңізбен мойындайсыз ба?" деп сұраған.
- Мен процессуалдық келісімді қолдаймын, барлық пунктерімен келісемін, кінәмді толық мойындаймын, жазаға келісемін және сот тарапынан шектеу болады деп сенемін, - деген Елеусінов.
Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусінов қаңтардың 21-інен бері Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінде қамауда отырды. Ол ұсталарға дейін ОСС жұмысшылары компанияның Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеншітерінде екі апта бойы аштық акциясын өткізген. Мұнайшылар биліктен Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жаппауды талап еткен.
Аштық акциясы кезінде Елеусіновпен бірге ұсталған, OCC компаниясы кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев өткен айда "сот заңсыз деп тапқан ереуілді жалғастыруға арандатты" деп айыпталып, екі жарым жылға сотталған.
ВИДЕО: Прокурор Елеусіновке таққан айыпты оқып тұр (26 сәуір 2017 жыл)