АҚШ Федералдық тергеу бюросының (Federal Bureau of Investigation - FBI) бұрынғы басшысы Роберт Мюллер президент Дональд Трамптың сайлауалды штабы қызметкерлерінің 2016 жылы президент сайлауы кезіндегі Ресеймен ықтимал байланысын тергеудегі арнайы прокурор болып тағайындалды. 16 мамырда Трамп жылдың басында қызметіне кіріскенде сол кездегі FBI директоры Джеймс Комиден ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі Майкл Флиннің байланыстарын тексеруін тоқтатуды сұрағаны туралы ақпар тараған. Комиді 9 мамырда Трамп отставкаға жіберген.
New York Times, Reuters, Associated Press және басқа да ақпарат құралдарының ақпаратына қарағанда, Коми президентпен ақпан айында Флинн қызметінен босатылған соң Ақ үйде болған кешкі астан кейін кездескен. Кейін FBI-дің экс-басшысы баяндама жазып, онда Трамптың өзінен тергеуді тоқтатуды сұрағанын айтқан. Ақ үй Трамптың өтініші туралы ақпаратты дереу жоққа шығарды. Бұл ақпар рас болса, онда Трамптың өтініші әділ сот пен қылмысты тергеуге кедергі келтіру әрекеті ретінде бағалануы мүмкін.
Конгрестің үш комитеті Комидің баяндамасын көрсетуді талап етті. Олар сонымен қатар FBI-дің экс-басшысы да жауап беруі тиіс дейді. Мюллер FBI-ді 2001-2013 жылдары басқарған. Ол арнайы прокурор өкілеттігін атқару үшін заң саласындағы жұмысын тастап отыр.