АҚШ президенті Дональд Трамп қызметінен босатқан АҚШ федералдық тергеу бюросының (FBI) бұрынғы директоры Джеймс Коми сенаттың барлау істері бойынша комитетінің ашық тыңдауында сауалдарға жауап беруге келіскен. Сенат тыңдауының дәл қай күні өтетіні мамырдың соңына қарай белгілі болмақ.
Комитет мүшелері АҚШ-тағы өткен жылғы президент сайлауына Ресейдің араласқаны туралы ақпаратқа байланысты жүргізіліп жатқан тергеу барысы туралы және баспасөзде жарияланған соңғы ақпараттарға қатысты Комидің сөзін тыңдағысы келеді деп мәлімдеген сенат комитетінің жетекшісі, республикалық партия өкілі Ричард Берр.
Соңғы күндері америкалық баспасөз құралдары аты-жөні аталмаған дерек көздеріне сілтеме жасап, «Коми FBI басшысы болып тұрғанда президент Трамп одан өзіне адал болуды талап етіп, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Майкл Флиннің ресейліктермен байланысы жайлы тергеуді тежеуге шақырған» деген ақпарат таратқан.
Ақ үй президент Трамп Комиге әлгіндей сөз айтпағаны, баспасөз құралдарының ол туралы ақпараты шындыққа жанаспайтыны туралы мәлімдеген.