Батыс Қазақстан облысы Березовка кентіндегі 2014 жылы қарашада газдан уланған бұрынғы оқушылардың ата-аналары 1 маусымнан бастап балаларды емдетуге жылу жинап жатқанын жариялады. Бұл туралы Азаттыққа Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының өкілі әрі "Балалар, әлде мұнай?" коалициясының үйлестірушісі Сергей Соляник хабарлады.
Соляниктің сөзінше, қаржы "жедел және сапалы түрде емделмесе мүгедек болып қалу қаупі бар" 16 жастағы Алина Құсманғалиева мен Альбина Ысқақова, 14 жастағы Яна Щербинина және 13 жастағы Любовь Воскобойға жиналмақ. Коалиция осы төрт қызға краудфандинг (көпшіліктен жылу жинау) негізінде 25 мың доллар жинауды жоспарлап отыр. Жиналған қаржы балаларды Израильдегі клиникалардың біріне емдеуге жіберуге жұмсалмақ.
Яна Щербининаның анасы Татьяна Щербинина Азаттық тілшісімен телефон арқылы әңгімесінде қызының соңғы екі жылда ауық-ауық есінен танып қала беретінін, кейде есінен танған соң аяқ-қолы құрысып қалатынын айтты. Оның сөзінше, жергілікті дәрігерлердің емі қонбай тұр.
2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады. Қадағалау органдары газды рұқсатсыз жаққаны үшін кенішті игеруші ҚПО халықаралық консорциумына 10 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған. ҚПО басшылығы кеніш жұмысының улануға қатысы жоқ деп мәлімдегенімен, Березовка тұрғындарын көшіруге ақша бөліп жатыр. 2015 жылғы желтоқсанда ішінде зардап шеккен балалары бар 82 отбасы Қарашығанақ кеніші "өндірісін ұлғайтуға байланысты" Березовка ауылынан Ақсай қаласына көшірілген. Бірақ ата-аналар балаларының әлі талып қалатынын айтады.
ВИДЕО: Березовкадағы түсініксіз дертке ұшыраған балалар туралы Азаттық түсірген деректі фильм (10.03.2016)