Accessibility links

Жаңаөзен соты "тіркеу тәртібін бұзған" оралманның шағымын қанағаттандырды


Ираннан келген қазақ Исрафил Баги оралман куәлігін көрсетіп отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 маусым 2017 жыл.
Ираннан келген қазақ Исрафил Баги оралман куәлігін көрсетіп отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 маусым 2017 жыл.

Жаңаөзен қалалық әкімшілік соты жергілікті полицияның Ираннан келген 30 жастағы оралман Исрафил Багиге "тұрғылықты жерінде тіркелмегені" үшін айыппұл салу туралы хаттамасы мен қаулысын бұзды.

Маусымның 2-і күні cағат 20-да өткен сот отырысына Исрафил Багиге қолдау білдірген Жаңаөзен қаласының ондаған тұрғыны қатысты. Судья Кенжекүл Қалауова сот процесі кезінде Азаттық тілшісіне аудио және видео жазба құралдарын пайдалануға тыйым салды.

Иранда туып-өскен этникалық қазақ Исрафил Баги әйелі және кәмелетке толмаған екі баласымен 2013 жылы қарашада Маңғыстау облысына көшіп келіп, оралман мәртебесін алған. Қазақстанға келген соң шаңырағында тағы бір бала дүниеге келген. Исрафил Баги 2014 жылдың қарашасынан 2017 жылдың қаңтарына дейін Жаңаөзен мешітінің қызметкері болып істеген.

2017 жылғы сәуірдің 29-ы күні Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторы Мақсат Тәңірбергенов Исрафил Багиге "тұрып жатқан жерінде тіркелмегені" үшін айыппұл салу туралы хаттама мен қаулы толтырған. Баги сотқа арыз берген.

- Қазақша [кириллицаны] оқи алмайтынымды, заңды білмейтінімді айтып, аудармашы мен қорғаушы сұрадым. Бірақ полиция қызметкері мені тыңдамады. Айыппұлды 7-10 күн аралығында төлесем жеңілдік берілетінін ғана айтты, - деді Исрафил Баги шағымы қаралған сотта.

Оның адвокаты Таңатар Бейсекешов Исрафил Баги учаскелік полиция қолданған әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 492-бабы 2-тармағында көрсетілген субъектіге жатпайтындықтан, яғни әлі Қазақстан азаматтығын алмағандықтан соттан полицияның Багиге толтырған хаттамасы мен қаулыны заңсыз деп тануды сұрады. Судья оралман Исрафил Багидің өтінішін толық қанағаттандырды және учаскелік инспекторға қатысты жеке қаулы шығарғанын жариялады.

- Багиге толтырылған хаттаманың заңсыз екені туралы сот шешімі шығарған сәттен бастап күшіне енеді және ол шағымдануға жатпайды. Ал қаулыға қатысты полиция өкілінің сот шешіміне наразылық білдіруіне құқы бар, - деп мәлімдеді судья Кенжекүл Қалауова.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Исрафил Баги өз шағымы бойынша алда тағы бір сот ісі басталуын күтіп жүргенін айтып берді. Оның сөзінше, биылғы мамырдың 30-ы күні Маңғыстау облыстық көші-қон басқармасы Исрафил Багиге 2014 жылы сәуірде төрт жылға берілген ыхтияр хатының күші мерзімінен бұрын жойылғаны туралы хабарлап, ол отыз күн ішінде Қазақстан аумағынан шығып кетуге тиіс екенін ескерткен.

Құзырлы орган бұған себеп ретінде Қазақстан азаматтығы туралы заңның 17-бабындағы "террористік және экстремистік ұйымдарға кірген немесе сотталғаны, өзге елдің азаматы болғаны, өзі туралы жалған мәлімет бергені" жайлы тармақтарға және халықтың көші-қоны туралы заңның 49-бабының "ұлттық қауіпсіздік органдарында экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болуы" жөнінде айтылған 9-1 тармағына сілтеме жасаған.

Ираннан келген оралманның мүддесін қорғаушы заңгер Ағыбек Төлегенов Қазақстан азаматтығын алғысы келетін Исрафил Багидің облыстық көші-қон басқармасының шешімімен келіспей сотқа арызданғанын, бірақ сот істі қай күні қарайтыны әзірше белгісіз екенін айтады.

XS
SM
MD
LG