Тәуелсіздік алған соң Орталық Азия мен Кавказдағы постсоветтік елдерде билікте ұзақ отырған басшыларды дәріптеу біртіндеп совет кезіндегі жеке басқа табынуға ұқсап барады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ "НҰРЛАНУЫ" МЕН "ГҮЛДЕНУІ"
20 маусымда Астана халықаралық әуежайына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Бұл өзгеріс президент Назарбаевтың билік басына келгеніне 28 жыл толуымен дөп келді. 1989 жылғы 22 маусымда Мәскеудегі жоғары басшылық Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне бекіткен еді. Содан бері табан аудармай билікте отырған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 6 шілдеде 77 жасқа толады. Назарбаевтың туған күні Қазақстанда мемлекеттік мейрам – Астана күні ретінде тойланады.
Уақыт аралатып, әсіресе, туған күні қарсаңында Қазақстан президентінің атына Астананың атын беру туралы ұсыныс айтылып тұрады. Ондайда президент өз есімін кез-келген нысанға қоя беруге қарсы екендігін білдіріп қояды. Назарбаев кезінде өзінің атымен университет пен мектептің аталуына ғана келіскенін айтқан соң елде Nazarbayev University мен Назарбаев интеллектуалды мектептері пайда болған.
Нұрсұлтан Назарбаев өз есімін қоюдан басқа елде қаптап кеткен атаулардағы "нұр" сөзін қолдануға да қарсы екенін білдірсе де, "нұр" сөзі мемлекеттік бағдарламалардың атауына да айналып үлгерді.
Тек Қазақстанда ғана емес, кей шетелдерде де Назарбаевтың есімі көшелерге беріліп, ескерткіші тұрғызылған. 2014 жылы Голландия мен Жапонияда Назарбаев сапарының қарсаңында "Қазақстан президенті" деп аталатын гүлдің сорттары пайда болды.
Оқи отырыңыз: Назарбаевты ұлықтау үрдісі шекарадан асты
Алайда елден сыртта Назарбаев есімін дәріптеу үнемі сәтті бола бермеген. 2012 жылы Кембридждегі Черчилль колледжі Астанадағы Nazarbayev University оқу орнымен бірлесе тағайындамақ болған стипендияның атауында "университет" сөзі түсіп қалып, тек "Назарбаев" есімінің тұрғанына қатысты наразылық танытып, стипендия жабылған болатын. Ал былтыр Арменияның Арич ауылындағы орталық көшелердің бірінен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі алынып тасталды.
Көріңіз: Армян ауылы көшесінен Назарбаевтың атын алды
КАРИМОВТАН КЕЙІНГІ ӨМІР
Былтыр Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін-ақ оны есте қалдыру шаралары да басталды. Бір қызығы, Каримов атына берілген нысандардың ішінде тарихи объектілер де бар және Каримовті дәріптеуі шетелде жалғасқан Назарбаевтан кейінгі екінші басшы деуге болады. Каримовтің өзі де Самарқандағы ЮНЕСКО мәдени ескерткіштер мұрасы болып есептелетін Хазрат Хизр кешеніне жерленді.
Ташкентте екі жыл бұрын өртеніп кеткен мемлекет қарауындағы тарихи Жорабек мешітінің орнына салынған жаңа мешітке былтырғы қыркүйекте бірден Ислам Каримовтің есімі беріліп, "Ислом ота" мешіті аталды.
Сәл кейінірек Ташкент қаласындағы ең ұзын "Өзбекстан көшесіне" де Ислам Каримовтің аты берілді. Алда Самарқанда Каримов жерленген тарихи кешенде оның дербес кесенесін тұрғызу, Ташкент, Самарқан және Қаршы қалаларында тұңғыш президенттің ескерткіштерін орнату, Ташкенттегі "Ақсарай" резиденциясын Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағарту мемориалды кешені етіп жасақтап, Самарқанда Каримов музейін ашу жоспарланып отыр. Бұған қоса Ташкент мемлекеттік техникалық университетіне, автомобиль зауытына және басқа да нысандарға Ислам Каримовтің есімі берілмекші.
Ал биылғы мамыр айында Ташкент халықаралық әуежайы Ислам Каримовтің атын иеленіп үлгерді. Наурыз айында түркімен-өзбек шекарасындағы Түркіменстанның Түркіменабад қаласында да Ислам Каримовтің атына көше беріліп, көшеге оның мүсіні қойылды. Ресей астанасында да Ислам Каримовтің атына көше беріліп, ескерткіш тұрғызылатыны хабарланған.
ТАБЫНУЫ БӨЛЕК ТҮРКІМЕНСТАН
Түркіменстанның тұңғыш президенті, елді 1985-2007 жылдары аралығында үздіксіз басқарған Сапармұрад Ниязов 1992 жылғы алғашқы сайлаудан кейін-ақ өзін-өзі дәріптеуге кірісіп, жеке басқа табыну жолына "жетеледі". "Түркіменбашы" титулын бекіткен ол елдегі әуежейды өз атына ауыстырды, бұрынғы Красноводск қаласының атауы да Түркіменбашының атына берілді. Мұның сыртында елдегі көше және этрап (аудан) аттары да бірінен соң бірі Түркіменбашының атын иеленіп шыға келді. Біртіндеп оның аты жай ғана "Түркіменбашы" емес, "ұлы Түркіменбашы" түрінде айтылатын болды.
Оның билігі тұсында жабық елге айналған Түркіменстанда Сапармұрад Түркіменбашы атындағы нысандардың санына жету қиын. Сондай тізімде драма театр, көркем өнер музейі, дарынды балалардың мектеп-интернаты, ұлттық кітапхана, санаторий, зауыт-фабрикалар да бар.
Сапармұрад Ниязов өзіне алтыннан ескерткіш тұрғызып, маршал атағын иеленді. Елдегі ең жоғарғы "Түркіменстан батыры" атағымен де бірнеше мәрте марапатталды. Осы атаққа оның қайтыс болған әкесі де ие болды. Түркіменбашының өзі қайтыс болған соң да марапатталып отырды. 2016 жылы қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Сапармұрад Ниязовты "Тәуелсіз Түркіменстанға үлкен сүйіспеншілігі үшін" орденімен марапаттады. Кейбір мәліметке қарағанда, бұл - Түркіменбашының 52 ордені.
Түркіменстанда көшедегі портреттерін айтпаған күннің өзінде, арақ-шараптың сыртына дейін Түркіменбашының суреті басылып шығатын болды. Осы елдегі жағдай туралы норвегиялық журналист Микал Хем "Диктатор болудың практикалық нұсқаулығы" деген кітабында былай деп жазды: "Түркіменбашы бұрын-соңды әлем көрмеген ғаламдық және дағдыдан тыс жеке басқа табынуды қалыптастырды. Бәрін өз атына иелену өнерінде оған тең келетін ешкім болмады"
Түркіменстанның қазіргі "Арқадағ" (жарылқаушы) аталған екінші президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те "қаражаяу" емес. Ол армия генералы атағын иеленіп, өзіне ескерткіш тұрғызған. Оның туыстарының атында да нысандар бар.
ӨЗІН "ӨЗГЕШЕ" ДӘРІПТЕТКЕН РАХМОН
Соңғы екі жылдың ішінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "пешвои миллат" - "ұлт көшбасшысы" титулын арнайы заңмен иеленген басшыға айналды.
"Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" туралы заң бойынша президент пен оның туыстары ерекше құқықтарға ие. Заңда Эмомали Рахмонға "ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы" мәртебесіне ие болатыны айтылған. Заң аясында "Эмомали Рахмон – ұлт көшбасшысы" ордені мен осы аттас мемлекеттік сыйлық та бекітілді. Осы заңда ұлт басшысына ескерткіш тек қайтыс болған соң ғана тұрғызылатыны атап көрсетілген. Ескерткіш мәселесі заңда осылай бекігенге дейінгі аралықта Тәжікстанда ара-тұра Эмомали Рахмонға ескерткіш тұрғызу жайлы айтылып тұратын. Бірақ былтыр қараша айында Гиссар қаласында Рахмонның "Тарих айнасындағы тәжіктер" деп аталатын кітабына ескерткіш тұрғызылды.
Ал таяуда Тәжікстанның бір топ мектеп оқытушылары білім министрлігіне өтініш жасап, "Пайрави пешво" (Ұлт көшбасшысының ізбасары) деп аталатын жаңа ұйым құру жөнінде бастама көтерді. Ұйымға жоғары сынып оқушылары мүше бола алады. Қазір де осындай "Сомончиёни чавон" (Жас саманидтер) деп аталатын ұйымның барына қарамастан, бастамашылар "ұлт көшбасшысы" айналасына топтасудың бір жолын жаңа ұйымнан іздейді.
Былтыр Хатлон облысының Хорасан ауданында Эмомали Рахмонның құрметіне "Пешвои миллат" (Ұлт көшбасшысы) деп аталатын жеміс бағы ашылды. Алайда тәжік билігін сынаушылар бақты президенттің жаңа титулымен атауды және "ұлт көшбасшысы" заңының қабылдануын жеке басқа табынудың көрінісі деп біледі. Соңғы уақытта Тәжікстанда мемлекеттік БАҚ-ты Рахмонның титулын толығымен атауға міндеттей бастады.
Осылайша Орталық Азияның советтік "шекпеннен" шыққан басшылары билікте неғұрлым ұзағырақ отырған және конституциялық "реформалар" өткізген сайын жиі дәріптелетін тұлғаларға айналып отыр.