Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымы "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының өз арасындағы дереккөздерінен ұйым жетекшісі Абу Бакр әл-Бағдадидің көзі жойылғанын растағанын хабарлады.
SOHR директоры Рами Абдель Рахманның мәлімдеуінше, Бағдади Сирияның шығысындағы Дейр-әз-Зор провинциясында өлген. Бірақ оның қашан және қалай ажал құшқаны белгісіз.
Ақ үй мен америкалық әскерилер Бағдадидің өлгені туралы ақпаратты әзірге растай алмай отырғанын айтады. Генерал-лейтенант Стивен Таунсенд Бағдадиге қатысты түрлі ақпарат түсіп жатқанын, бірақ оның жағдайы туралы мәліметі жоғын айтады. Бағдадидің қазасы туралы ақпаратты әзірге күрдтер мен Ирактың лауазымды өкілдері де растай алмай отыр.
Бір ай бұрын Ресей қорғаныс министрлігі Абу Бакр әл-Бағдадидің 28 мамырда Дейр-әз-Зор провинциясының Ракка қаласында әуе шабуылынан оққа ұшты деп болжап отырғанын хабарлаған. ИМ-мен байланысты әлеуметтік желідегі аккаунттар бұл ақпаратқа қатысты мәлімдеме жарияламады.
Абу Бакр әл-Бағдадидің көзі жойылғаны туралы бұған дейін жалған ақпараттар да тараған.