Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының шешімімен Преображенское су торабының жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқыру айыбы бойынша іс қайта тергеуге жіберілді. Осы іспен айналысқан прокурорлар жаңа тергеуге қатыспайды. Бұл туралы Азаттықтың тілшісі хабарлады.
"Ақша жымқыру" айыбы бойынша алты адам күдікті болған. Солардың бірі 61 жастағы Өмірбек Жампозов 20 шілдеде Целиноград аудандық прокуратурасының ғимаратына шабуыл жасап, құқық қорғау органдары қызметкерлерін жарақаттаған. Кейін ол өз-өзін атып өлтірген.
Жампозовтың өлімінен кейін Қазақстан бас прокуратурасы баспасөз қызметі "өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша іс қозғалғанын 21 шілде хабарлады.
Бас прокуратураның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, "Оқиға болған күні (20 шілде) бас прокурор іске қатысты барлық мән-жайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы өкілді ауданға жіберген". Қазір "Өмірбек Жампозов бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталып отырған қылмыстық іске қатысты прокурор ұстанымы қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін қызметтік тексеріс жүріп жатыр".