Египетте ұсталған қазақстандық алты студент еліне қайтарылатын болды деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов Facebook-тегі парақшасында.
Жайнақовтың жазуынша, 1 тамыз күні кешке Египеттің Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері Қазақстан елшілігімен хабарласып, қамаудағы қазақстандықтардың елдеріне қайтарылатынын айтқан. Бұдан соң қазақстандық алты студент Қазақстанға қайтару үшін Каир әуежайына жеткізілген.
"Осы хабардан соң Қазақстан консулы қажетті процедураларды ұйымдасыру үшін әуежайға барып, қазақстандықтармен кездесті. Олардың көңіл-күйі қалыпты. Жақын уақытта Қазақстанға келеді" деп жазды Жайнақов.
СІМ өкілі қазақстандықтардың не себепті ұсталғаны әзірге жария етілмейтінін, Египет билігі олардың ұсталуына қатысты барлық жайттарды Қазақстан жағына тапсыратынын айтты.
Египетте бірге пәтер жалдап тұрып жатқан алты қазақстандық 20 шілдеден бері байланысқа шықпаған. 25 шілдеде министрлік оларды полиция ұстағанын хабарлаған.