Accessibility links

Жампозовтың ұлының үстінен іс қозғалды


"Жампозов ісі" бойынша сот отырысы. Астана, 24 шілде 2017 жыл. Көрнекі сурет
"Жампозов ісі" бойынша сот отырысы. Астана, 24 шілде 2017 жыл. Көрнекі сурет

8 тамызда Қазақстанның ішкі істер министрлігі биыл 20 шілдеде "Өзін-өзі атып өлтірген" Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Министрлік өкілі Олег Иващенконың сөзінше, Асылжан Жампозовқа билік өкіліне (прокурорға - ред.) «күш көрсетті» деген айып тағылып, Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 1-бөлігі бойынша іс қозғалған. Іс Ақмола облыстық ішкі істер департаментінде өндіріске алынған. Азаттық тілшілеріне берген пікірінде Асылжан Жампозов өзіне қатысты іс қозғалғанын ақпарат құралдарынан естігенін айтады.

- Әкемді көрген кезде мен ес-түсімді білмеймін. Шынымен есімде жоқ. Жүгіріп жақындап барғанымда екі қолымды бұрап жерге жығып тастады. Мен жұлқынып, босатылайын деген кезде, мүмкін, біреуге қолым тиген шығар. Соған байланысты іс қозғап жатқан болуы керек. Қылмыстық іс қозғалса, маған хабарлама келмей ме?! Мені тергеуге шақырмай ма?! Мен бұны бүгін естіп отырмын, - деді Асылжан Жампозов.

Асылжан Жампозов Азаттыққа осы мәселеге байланысты адвокатпен ақылдасатынын жеткізді.

Целиноград аудандық прокуратурасының дерегінше, Өмірбек Жампозов "Қазсушар" кәсіпорнының директоры қызметін атқарғанда өзге қызметкерлермен бірігіп "Преображенское" су торабын жөндеуге бөлінген 640 миллион теңгені қолды қылған. Осы соманың 120 миллионға жуығын Жампозов алған деген айып тағылған. Әлеуметтік желілер арқылы тараған видеода Жампозов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, соттың әділ шешім шығаратынына күмән келтірген.

Ақмола облысы прокуратурасы таратқан ресми ақпарат бойынша Өмірбек Жампозов 2017 жылы 20 шілдеде Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасының ғимаратына келіп, "құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасаған".

Шабуылдан прокуратура қызметкері Ж.Әлібаев пен аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі А.Пшембаев жараланған. Бұдан кейін Өмірбек Жампозов "өзін-өзі атып өлтірген".

61 жастағы Жампозовтың өлімінен кейін Қазақстан бас прокуратурасы "өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша іс қозғап, қаржы жымқыру айыбы бойынша істің қайта тергеуге жіберілгенін хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG