Ресей әскери басшылығы Ауғанстандағы жағдайдың тұрақсыздануына байланысты Орталық Азия елдерімен бірігіп әскери маневрлер жасайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 18 тамыз күні хабарлады. Оның айтуынша, Ауғанстандағы үкімет жасақтары мен содырлар арасындағы қақтығыстар Орталық Азия аймағына қауіп төндіріп отыр.
Шойгу осы ретте биыл Ресейдің Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірігіп әскери жаттығулар өткізетінін айтты. Ресей министрі аймақтағы қауіпсіздікті нығайту барысында биыл Тәжікстанмен біріккен әскери жаттығу өткенін мәлімдеді. Шілде айында өткен ол жаттығуларда Ресейдің «Искандер-М» зымырандары пайдаланылған еді.