Accessibility links

Назарбаев Мьянмадағы жағдайға алаңдаушылық білдірді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Мьянмадағы жанжалға қатысушы тараптарды зорлық-зомбылықты тоқтатып, БҰҰ аясында диалогты жалғастыруға шақырады. Бұл туралы бүгін Астанада ашылған Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген.

"Жақында Мьянмада болған шиеленіске қатысты алаңдаушылығымызды бәріміз білдіреміз. Барлық тарапты зорлық-зомбылықты дереу тоқтатып, диалогты БҰҰ аясында жалғастыруға шақырамыз", - деген ол.

Мьянмада зорлық-зомбылық өршігеннен кейін ол елден мыңдаған рохинджа мұсылмандары бассауғалап көрші Бангладешке қашып барған еді. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Мьянмадағы зорлық-зомбылықты тоқтату шараларын жасауды ұсынған.

Қазақпарат агенттігі Астанадағы ИЫҰ саммитінде Назарбаевтың қазіргі уақытта мұсылман әлемі ауыр сынақтарға бетпе-бет келіп отырғаны жайлы айтқан сөзін келтірген. Оның сөзінше, әлемде кең етек алған экстремистік және террористік ұйымдардың лаңкестік іс-әрекеттерінен бірінші кезекте мұсылман елдерінің зардап шегеді және батыс елдерінде исламофобиялық пікірдің қалыптасуына әсер еткен, сонымен бірге 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлемі ауызбіршілік таныта алмай отыр.

"Мұсылмандар арасындағы бытыраңқылық пен конфессияға бөлінуді сыртқы күштер өз мүддесіне пайдалануда. Біз мұны артта қалдыруымыз керек", - деген Назарбаев.

Жексенбі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі бірінші саммиті Қазақстан президенті Назарбаевтың төрағалық етуімен ашылды. Саммит Құран аяттарын оқуымен басталды деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Екі күнге жалғасатын саммитке ИЫҰ-ға мүше елдерден, халықаралық және аймақтық ұйымдардан 80-ге жуық делегация қатысып отыр.

1969 жылы қыркүйекте негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымына қазіргі кезде 1,5 миллиардқа жуық адамды қамтитын 57 ел еніп отыр. Қазақстан 1995 жылдан бері халықаралық ұйымның толық құқылы мүшесі.

XS
SM
MD
LG