Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым Күрдістан автономиялық аймағының Ирактан тәуелсіздік алу туралы өткізген референдумына байланысты Иран және Ирак басшыларымен саммит өткізгісі келетінін мәлімдеді.
"Біз келесі кезеңде не істейтінімізді ақылдасу үшін таяуда жиналмақпыз. Үш жақты саммит өткізгіміз келеді" деді Йылдырым 28 қыркүйекте журналистерге.
Түркия үкіметінің кеңсесі Йылдырымның 28 қыркүйекте телефонда Иран вице-президенті Эсхак Жахангиримен референдум нәтижесін талқылағанын хабарлады.
Иран, Ирак, Сирия және Түркияда біраз күрд тұрады және бұл елдер көп жылдан бері күрдтердің тәуелсіздік алу жолындағы талпынысыны қарсы шығып келеді.
Әлемдегі 30 миллионға жуық күрдтің ең көбі Түркияда тұрады. Түркия өздері тұратын аймақта тәуелсіз мемлекет құрғысы келетін Күрд жұмысшы партиясының қарулы жасақтарымен ондаған жылдар бойы күресіп келеді.
Ирактың солтүстігіндегі күрдтер әлдеқашан Бағдадтағы орталық биліктен автономиялық басқару құқығын алғанына қарамастан, 25 қыркүйекте өткен референдумда 92,7 пайыз дауыспен тәуелсіздікті қолдады.
Бағдад, Анкара мен Тегеран референдум нәтижелерін мойындаудан бас тартты. Олар Ирак күрдтеріне аймақпен экономикалық байланысты тоқтатып, оқшаулау арқылы тәуелсіздік алу ұмтылысынан айнытқысы келеді.
Түркия Ирактың Күрдістан аймағымен шекарасын жауып, бұл аймақтан құбыр арқылы Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Жейхан портына мұнай тасымалдауды тоқтататынын ескертті.
Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абадидің кеңсесі 28 қыркүйекте Түркия болашақта мұнай экспорты мәселесінде Бағдадтағы үкіметпен ғана келіссөз жүргізуге келіскенін хабарлады.
Күрдістан автономиясының билігі экономикалық блокадаға төтеп бере алатынын, себебі электр энергиясын өздігінен өндіріп, энергетикалық шикізатты тасымалдай алатынын және ауыл шаруашылығы мақсатына жарайтын жерлері жеткілікті екенін мәлімдеді. Күрдістан автономиясының басшылығы өткен айда сонымен қатар Түркиядан Бағдадтағы билікке бағынышты территорияларға жүк тасымалдайтын көліктердің көбі Күрдістан территориясымен өтетінін, сондықтан экономикалық блокада күрдтер аймағына ғана емес, Түркия мен Ирак экономикасына да кесірін тигізетінін мәлімдеген болатын.