Accessibility links

АҚШ сенаторлары Ақ үйді Ресейге қарсы санкцияларға кірісуге шақырды


АҚШ сенаторлары Бен Гардин (сол жақта) және Джон Маккейн.
АҚШ сенаторлары Бен Гардин (сол жақта) және Джон Маккейн.

АҚШ сенатындағы Ресей билігінің саясатын қатаң сынайтын екі саясаткер – республикашыл Джон Маккейн және демократ Бен Кардин Ақ үйге жолдаған үндеуінде президент Дональд Трамптың Ресейге салынған жаңа санкцияларды қалай орындайтынын "жігерлі түрде бақылайтынын" ескерткен. Олар санкцияларды күшіне енгізуді Ақ үйдің кешіктіріп отырғаны туралы айтқан.

"Шекті мерзімге дейін тым аз уақыт қалды, бірақ әкімшілік әлі қимылсыз отыр", - деп мәлімдеген Маккейн мен Кардин.

Заң Ресейдегі энергетикалық жобалармен байланысы бар компанияларға және ондай жобаларды қаржыландыратын банктерге шектеу қояды.

Трампқа жолдауында қос сенатор бұған дейін қабылданған заң талабы бойынша Ақ үй әкімшілігі ресейлік қорғаныс кешенімен немесе арнайы қызметтермен жасырын байланысы болған тұлғалардың аты-жөнін қазанның 1-іне дейін жариялауға міндетті екенін еске салған.

Президент Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы заңға 2 тамызда қол қойған. Ол жолы Ақ үй әкімшілігі Трамптың және өзге де кез-келген президенттің жаңа заңда қарастырылған қатаң шараларды АҚШ конгресінің келісімінсіз жұмсарта я жоя алмайтыны туралы ережеге қатысты наразылығын білдірген болатын. Аталған заңда Ресеймен бірге Иран және Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар да қарастырылған.

Маккейн мен Кардиннің хатын алғаннан кейін жұма күні Ақ үй заңды орындауға бағытталған алғашқы өкімін шығарды. Онда заңды жүзеге асыруға жауапты мекемелердің тізімі көрсетілген.

XS
SM
MD
LG