Accessibility links

"Қордай" бекетінде көліктерді әскерилер де тексеріп жатыр


Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы Қордай кентіне кіреберісте тұрған әскерилер. 11 қазан 2017 жыл.
Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы Қордай кентіне кіреберісте тұрған әскерилер. 11 қазан 2017 жыл.

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы "Қордай" тексеру және өткізу бекетіне жақын әскерилер пайда болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Кешеден бері шекараның Қырғызстан жағынан Қазақстанға өту қиындағаны, тексеріс күшейіп, бекетте үлкен кезек пайда болғаны және ондаған көлік жиналып қалғаны хабарланған. Шекарада кезекте тұрғандар шекараның Қырғызстан жағындағы "Ақ Жол" бекетінде ешқандай кідіріс жоғын, Қазақстан жағында тексеру күшейіп, тіпті көліктерді мұқият тексеріп жатқанын әлеуметтік желілерде хабарлай бастаған.

Азаттық тілшісі көрген әскери киімдегі, қару асынған адамдар Қордай кентіне кіреберісте және "Қордай" бекетімен екі орталықта пост қойып, кірген-шыққан көліктердің барлығын тексеріп тұр. "Қордай" бекетінен Қазақстанға қарай жүк көліктері мен автобустардың өтіп жатқаны байқалмайды. Бұрын бекетте әскерилер тексеруі болмаған.

Азаттық тілшісі постта тұрған әскерилерден тексерістің мән-жайы туралы сұрамақ болғанымен, олар басшыларына сілтеп, жауап беруден бас тартты.

Өздерін Түркістан қаласының тұрғынымыз деген екі әйел Қырғызстанға бүгін таңертең сағат алты шамасында барғанын, өздерінің бері қарай қайтып өткеніне үш сағат болғанын айтты.

- Автобуспен зат алып кетуге келгенбіз. Автобусымыз әлі өте алмай тұр. Бізбен келген біраз адам да әлі өтпеді. Күтіп тұрғанымызға үш сағат болды, - деді аты-жөнін айтпаған әйелдер.

"Қордай" шекара бекетіндегі жағдайға қатысты тікелей эфир:

11 қазанда Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі Қазақстанның шекарадан "күшейтілген тәртіпте" өткізіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар мемлекеттік шекара қызметі де 10 қазан күнгі сағат 20-ден бері "президент сайлауына дайындық пен оны өткізу уақытында" күшейтілген тәртіпке көшкен. Мемлекеттік шекара қызметі бірақ Қырғызстан жағынан шекаралық тексеруден өтерде шектеу жоғын айтады.

Қазақстан ҰҚК-нің шекара қызметі Азаттықтың шекарадағы жағдайға қатысты комментарий беруді сұрап жазған хатына әзірге жауап берген жоқ.

Кезекте тұрған кейбір кісілер тексерудің күшейгенін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан басшылығына қарата сын айтқанымен байланыстырады.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 7 қазанда Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынаған. Атамбаев көршілес елдің басшылығы мен олигархтары Қырғызстандағы сайлауға килігіп отырғанын мәлімдеп, Қазақстанның кейбір ресми тұлғалары Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің отбасына қолдайды деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG