Accessibility links

Мемлекет басшыларының марапатқа бөленген балалары


Бердімұхаммедовтің әкесінің атындағы медальмен марапатталған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің баласы, майор Сердар Бердімұхаммедов.
Бердімұхаммедовтің әкесінің атындағы медальмен марапатталған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің баласы, майор Сердар Бердімұхаммедов.

2017 жылы қазанның 27-сі күні Түркіменстанның Тәуелсіздік күні мерекесінде әскери қызметкерлер осы елдің президенті Бердімұхаммедовтің әкесінің атындағы медальмен марапатталды. Марапатталғандар арасында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің баласы, майор Сердар Бердімұхаммедов те бар. Орталық Азия елдерінде мемлекет басшыларының балалары жиі марапатталады. Қазақстан президенті Назарбаевтың екі қызы Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева "Парасат" ордендерімен, күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Барыс" орденімен марапатталған.

НЕМЕРЕСІ АТАСЫНЫҢ АТЫНДАҒЫ МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Қазанның 27-сі күні Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің әкесі Мәлікқұлы Бердімұхаммедов атындағы медальмен марапатталғандар арасында майор Сердар Бердімұхаммедов те болып, марапатпен бірге ол подполковник шенін алды.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жалғыз ұлы Сердар Бердімұхаммедов Түркіменстан парламентінің депутаты болып та отыр. Кейінгі жылдары Сердар Бердімұхаммедовтің қоғамдық-саяси белсенділігі артып келеді. Ел арасында оны әкесінің орнына келетін келесі президент ретінде көретіндер көп. Азаттықтың Түркімен қызметі бұған дейін осы елдегі мемлекеттік ақпарат құралдарының Сердардың қайраткерлермен кездесулерін жиі көрсететін болғанын хабарлаған еді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің (ортада) ұлы Сердар (сол жақта) және немересі Керімқұлымен бірге түскен суреті.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің (ортада) ұлы Сердар (сол жақта) және немересі Керімқұлымен бірге түскен суреті.

Мәлікқұлы Бердімұхаммедов атындағы медаль биыл тамыз айында ғана бекітілген. Сердардың атасы Мәлікқұлы мұғалім болған, еңбекпен түзету мекемесінде бөлім бастығы қызметін атқарған.

ОА-ДАҒЫ БАСШЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫН МАРАПАТТАУ ДӘСТҮРІ

Орталық Азия (ОА) елдерінде мемлекет басшыларының балаларын мемлекет құру ісіне сіңірген ерекше еңбектері үшін марапаттау оқиғалары жиілеп келеді.

2015 жылы тамыз айында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үлкен қызы Озода Рахмонды ​1-дәрежелі "Шараф" орденімен марапаттады. Орден Тәжікстанда ел экономикасын, әлеуметтік саланы, ғылымды, мәдениетті, білім беру ісін дамытуға еңбек сіңірген, мемлекеттік және әскери қызметтің үздік үлгісін көрсеткен немесе ерекше қоғамдық белсенділік танытқан азаматтарға беріледі.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен қызы Озода Рахмонға орден тағып тұрған сәті. Душанбе, 28 тамыз 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен қызы Озода Рахмонға орден тағып тұрған сәті. Душанбе, 28 тамыз 2015 жыл.

Рахмонның бала-шағасы Тәжікстанда жоғары лауазымды қызметтерде отыр, елдегі ірі бизнестің иелері. Президент күйеубаласы Жамолиддин Нуралиев (Озода Рахмонның күйеуі) Тәжікстан Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары. Президенттің үлкен ұлы Рустам Эмомали - Душанбе мэрі. Эмомали Рахмонның тағы бір қызы Рухшона Рахмонова Тәжікстан сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарады. Биыл жазда президенттің тағы бір қызы Зарина Рахмон «Ориёнбанк» төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Банкті оның жақын туысы Хасан Асадуллозода басқарады.

Қазақстанда да ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалары да жиі марапатталады. Мәселен, оның үлкен қызы, қазір парламенттің жоғарғы палатасының депутаты болып отырған Дариға Назарбаеваның мемлекет тарапынан алған ордендері мен медальдары көп. Соның ішінде "Парасат" (2004), "Құрмет"(2004), 2-дәрежелі "Барыс" ордендері, «Конституциялық зандылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» (2013) медалін атауға болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева да 2008 жылы "Парасат" орденімен марапатталған. Ал Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев - 1-дәрежелі "Барыс" орденінің иегері.

Оқи отырыңыз: «Ақорданың балалары»

Қазақстанда "Парасат" ордені ғылым, мәдениет, мемлекет, қоғам қайраткерлері, елдің рухани дамуына үлес қосқан, халықтың әлеуметтік мүддесі мен адам құқықтарын белсене қорғаған азаматтарға беріледі. "Барыс" орденімен ел егемендігін нығайту iciнe, бейбітшілік пен халық бірлігін қамтамасыз етуге еңбегі сіңген азаматтар марапатталады.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың кейбірі Орталық Азия елдеріндегі мемлекет басшыларының балаларын марапаттауды әр елдің ерекшеліктеріне байланысты түсіндіреді. Мәселен саясаттанушы Әзімбай Ғали Азаттық тілшісіне:

- Тәжікстан, Түркіменстан сияқты елдерде бұрын шығыстық деспотия болған. Сондықтан, оларда еңбегі сіңбесе де басшының балаларын марапаттау оқиғалары болуы мүмкін. Өйткені, бұл елдерде деспотия дәстүрі бар. Қазақта ондай дәстүр болмаған деп ойлаймын. Қазақ ханы сайланған, екі хан импичментке ұшыраған. Қазақстанда ондай болған күннің өзінде ертеңінде оның бәрі әңгіме болады, есесін қайтарады, - деді.

Оқи отырыңыз: Орталық Азияда "сарай балалары" өсіп жетілді

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздарының марапатталуына қатысты:

- Дариға Назарбаевамен аз да болса қызметтес болдым, ол кісінің еңбегі бар. Ал екінші қызының қалай алғанын білмеймін, - дейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның бетінен сүйіп жатқан сәті. Қазақстан, 5 желтоқсан 2005 жылы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның бетінен сүйіп жатқан сәті. Қазақстан, 5 желтоқсан 2005 жылы. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі хабарласқан тағы бір сарапшы Расул Жұмалы ел басшылары балаларының мемлекеттік наградамен марапатталуын "жеке басқа табынудың белгісі" санайды.

- Бұл - жеке басқа табыну көрінісі. Орталық Азияда бұл тараптағы пионер Түркіменстан болды. 1990 жылдардың басында-ақ Сталин заманында болған жеке басқа табынуды Сапармұрат Ниязов тірілтті. Оны қазіргі басшы Гурбангулы Бердімұхаммедов жалғастырып отыр. 1990 жылдары Түркіменстанның тұңғыш президенті ай аттарын туыстарының есімімен ауыстырып, өзіне ескерткіш қойғанда қазақстандықтар күлетін, қазір мұның жекелеген элементтері Қазақстанда да пайда болды. Мұндай құбылыстар Қазақстанды демократиялық елдер қатарынан көргісі келетін азаматтарды қуантпайды, - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев те кезінде 2-дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталған. Алайда кейіннен ол Назарбаевпен саяси тартысқа түсіп, сырттай 40 жылға түрмеге кесілген соң, оның марапаты арнайы жарлықпен жойылған.

2015 жылғы ақпанның 24-інде Венадағы Йозефштадт түрмесінде асылып тұрған Рахат Әлиевтің денесі табылған. Ол 2007 жылы қазақстандық екі банкирді «өлтірді» деген айып бойынша сот алдында жауап беруге екі күн қалғанда қаза тапқан еді.

XS
SM
MD
LG