Тәжікстанның Хатлон облыстық соты "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының "соғыс министрі", Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі болған Гүлмурод Халимовтың үш туысына үкім шығарды. Олар жалдамалы болу, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту және милиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету қылмыстары үшін ұзақ мерзімге түрмеге қамалды.
Облыстық соттағы дереккөздің хабарлауынша, Комил Халимов, Назир Халимов және Әли Халимов 7 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімдерге сотталды. Дереккөз мәліметіне қарағанда, сот үкімі өткен аптада шыққан және күшіне еніп үлгермеген. Істің басқа да жайттарын соттағы дереккөз айтудан бас тартты.
Қашқын полковниктің бауырлары - Комил Халимов пен Назир Халимов, солармен бірге немере інісі Әли Халимов 5 шілдеде ішкі істер министрлігі арнайы жасағының Ибрати ауылында жүргізген арнайы операциясы кезінде тұтқынға түскен.
Полковниктің бауырлары - Сұлтонмурод Халимов пен Фозил Халимов, оның немере інісі Афзал Абдурашидов және алыс туысқаны Наим Рахмонов қақтығыс кезінде оққа ұшқан. Операция барысында ішкі істер министрлігі шұғыл әскері басшысының орынбасары Анвар Хусейнов жараланған.
Тәжікстан арнайы қызметінің мәліметі бойынша, Гүлмурод Халимовтың туыстары Чубек ауылы маңындағы тәжік-ауған шекарасын асып өтпек болған. Пяндж өзенінің келесі бетінде оларды ИМ содырлары күтіп тұрған. Мәліметтерге қарағанда, Халимовтың алыс туысы әрі көршісі Наим Рахмонов Ауғанстандағы ИМ-нің бір жауынгері арқылы Гүлмурод Халимовпен байланыс ұстап отырған.
Өткен айда Ресей қорғаныс министрлігі Сирияның Дейр әз-Зор елді-мекенінде Ресей әуе күштерінің шабуылы нәтижесінде Гүлмурод Халимовтың көзі жойылғанын хабарлаған.
Полковник Гүлмурод Халимов 2015 жылы сәуір айында ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сол жылы мамыр айының соңында ол Сирияда жүргенін хабарлаған.