Accessibility links

Тоқтар Төлешов екінші рет сотталды


Тоқтар Төлешов сотта тұр. Шымкент, 1 қараша 2017 жыл.
Тоқтар Төлешов сотта тұр. Шымкент, 1 қараша 2017 жыл.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты бизнесмен Тоқтар Төлешовті "экономикалық қылмыстар жасады" деп айыптап, бес жылға соттады. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Мырзалы Жорабаев "Шымкент сыра" зауытының бұрынғы басшысы Төлешовті Қылмыстық кодекстің 245-бабы 2 және 3-бөлігі ("Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару"), 250-бабы ("Өкілеттігін теріс мақсатта пайдалану") бойынша айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Судья Төлешовтің бұл бес жылын бұған дейін сотталған жазасына кіріктіріп жіберуге, яғни алғашқы қылмысы бойынша кесілген 21 жылға қосып, соның ішінде өтеуге үкім кесті.

Төлешов сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеп, үкімге апелляциялық шағым беретінін айтты.

"Шымкент сыра" зауытының иесі болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы қаңтардың 30-ында Шымкент қаласында полиция жүргізген жедел-іздестіру шарасында ұсталған. Бизнесменге қылмыстық кодекстің 266-бабы ("Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша айыптар тағылған. Тоқтар Төлешов "заңсыз қару сақтап және ұстағанын" ғана мойындаған.

2016 жылы қарашаның 7-сі күні Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әскери сот Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік марапаттарынан айыруға үкім кескен.

Тоқтар Төлешовтің ісіне байланысты сотқа тартылған 24 адамның біразы да түрме жазасына кесілген.

XS
SM
MD
LG