Алматыда сейсенбіде Қазақстан коммунистік халықтық партиясының (ҚКХП) белсенділері жиналып, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне 100 жыл толғанын атап өтті деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Қаладағы Сарыарқа базарының артындағы саябақта коммунистер көсемі Лениннің ескерткіші алдына отыз шақты адам жиналды. Олар Қазан төңкерісі нәтижесінде орнаған совет өкіметін, коммунистер басқарған кезеңді мақтады. Совет одағы кезінде "барлығы тегін, халыққа жұмыс болғанын" айтқан коммунистер қазіргі Қазақстандағы жағдайды "аянышты" деді.
Жиналғандар ескерткішке гүл қойып, ауған соғысының ардагерлерін медальдармен марапаттады. ҚКХП өкілдерінің айтуынша, Қазан төңкерісінің 100 жылдығын Қазақстанның партия филиалы бар 12 аймағында өтіп жатыр.
1917 жылы 7 қарашада Владимир Ленин бастаған большевиктер төңкеріс жасап, Ресейде 70 жылдан астам уақытқа созылған коммунистер билігін орнатқан.