Accessibility links

Петропавл-Омбы электр пойызы тоқтайды


Петропавл теміржол вокзалы. 18 қараша 2017 жыл.
Петропавл теміржол вокзалы. 18 қараша 2017 жыл.

Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстарын байланыстыратын электр пойызының жұмысы толық тоқтайды. "Ресей теміржолдары" компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, "Петропавл-Омбы" электр пойызының жұмысын тоқтату туралы бұйрық Мәскеуден келген.

- Бұл бұйрық, бізге телеграмма жіберді. Оны Мәскеу шешеді. Біз тек бұйрықты орындаймыз. Электр пойызын тоқтату туралы телеграмма келген. Егер өзгерістер болса, бізге хабарлайды, - дейді "Ресей темір жолдары" компаниясы жолаушылар секторы басшысының міндетін атқарушы Ольга Устинова.

"Ресей темір жолдары" компаниясының мәліметінше, 10 желтоқсаннан бастап 820, 823, 824 нөмірлі жүрдек пойыздары Батыс Сібір темір жолдарының кестесінен алынып тасталады. Сол уақытта қала маңындағы Петропавл-Есілкөл, Есілкөл-Омбы бағытындағы электр пойыздарының жұмысына түзету енгізіледі. Оған қоса, 10 желтоқсаннан бастап Петропавлдан Булаев станциясына дейін күнделікті төрт электр пойызы жүрмек. Ал Омбыдан Булаев станциясына "Есілкөлден" басқа пойызға отыру арқылы жетудің екі нұсқасы қарастырылған.

Омбы облысының билігі 20 желтоқсаннан бастап Омбы-Есілкөл-Омбы электр пойызына қосымша рейсі қарастырған. Пойыз сәрсенбі, сенбі, жексенбі күндері жүреді.

Электр пойызының жұмысы тоқтағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Булаев ауылының тұрғындары зардап шегуі мүмкін. Олар енді темір жол арқылы Омбыға тек басқа пойызға ауысып мініп қана бара алады.

Биыл Челябинскіде өткен Қазақстан мен Ресейдің XV аймақаралық ынтымақтастық форумында Солтүстік Қазақстан облысы әкімідігі мен Омбы облысы әкімшілігінің арасында маңызды қосымша келісімге қол қойылған. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықты ұлғайтуы тиіс еді. Бірақ шекаралас аймақтар арасындағы жол қатынасы тарылып келеді.

Өткен жылы Петропавл-Петухово және Есілкөл бағытындағы электр пойыздары екі есе қысқартылған.

Петропавл темір жол вокзалы "Ресей темір жолдары" компаниясының құрамына кіреді. Мұндағы пойыздар Ресей уақытымен жүреді.

XS
SM
MD
LG