22 қарашада Киевтің апелляциялық соты қазақстандық блогер Жанар Ахметті қамаудан босатты. Бұл туралы Жанар Ахметтің қорғаушылары Facebook әлеуметтік желісінде хабарлады.
3 қарашада Киев соты Ахметті экстрадициялау мәселесі шешілгенге дейін екі айға қамау туралы шешім шығарған. Осы шешімнен кейін блогер апелляциялық шағым түсірген. Жанар Ахмет қазанда Киев түбінде ұсталған. Блогерге Қазақстан іздеу жариялаған.
Қорғаушылардың жазуынша, Қазақстанға экстрадициялау мәселесін қарау кезінде Жанар Ахмет "Украина халық депутаты Светлана Залищуктің кепіліне берілген".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Құқық қорғаушылар Киевті Жанар Ахметті босатуға шақырды
Алматыда тұрған және пробациялық бақылауда болған Жанар Ахмет Украинаға биыл наурызда кетіп қалып, сол елден саяси баспана сұраған. Ол Қазақстаннан "саяси себеппен қуғынға ұшырағандықтан" қашып кеткенін айтады. Украинада жүріп ол әлеуметтік желілерде Қазақстан билігі туралы сыни жазбалар жариялаған.