Алматының тергеу абақтысында отырған 46 жастағы бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің ата-анасы қаңтардың 13-і күні тергеуші Ерік Уәлиев өздерін және балаларының адвокаты Жанар Балғабаеваны тергеу амалдарын жүргізуге шақырғаны туралы Азаттыққа хабарлады. Бірақ, олардың сөзінше, Ескендір Ерімбетов басы қатты ауырып, сол жақ қабырғасы батып тұрғанына шағымданған соң тергеу амалдары өтпей қалған.
Қорғаушыларының талап етуімен тұтқынға жедел жәрдем шақырылған. Ерімбетовті дәрігерлер қарап жатқанда тергеуші Уәлиев тұтқынның туыстарын кабинеттен шығарып жіберген. Олар қайта оралған кезде Ерімбетов өзін дәрігерлер қарап, екпе салғанын тергеушінің смартфонға түсіріп алғаны туралы айтқан. Ерімбетовтің қорғаушыларының Азаттық тілшісіне айтуынша, тергеуші Уәлиев смартфонға "тергеу мақсатында түсірдім" деп түсіндірген. Қорғаушылардың сөзінше, әлгі суреттер интернетке жарияланып кетпей ме деп қауіптенген оларды тергеуші "жарияланбайды" деп сендірген.
Ескендір Ерімбетовтің денсаулық жағдайы туралы жедел жәрдем дәрігерінің жазған анықтамасын тергеуші Уәлеиев қорғаушылардың қолына бермей, қашықтан оқытқан. Онда тұтқынның денесі "ауырып" тұрғаны жазылған. Қорғаушылары Ерімбетовті рентгенге түсірткізуге тергеушіні көндіре алмағанын айтады.
Азаттық тілшісі хабарласқан тергеуші Ерік Уәлиев телефон арқылы жауап беруден бас тартып, алдағы аптада бетпе бет жолығуды ұсынды.
Бұған дейін туыстары мен жақтастары түрмеде Ерімбетовті ұрып-соғып, азаптағаны туралы мәлімдеген. Қаңтардың 12-і тергеуші Уәлиев Ерімбетовті тергеуге шақыртқан кезде үкіметшіл бірқатар интернет сайттарының журналистері Ерімбетовті сурет және видеоға түсіріп алып, кейін оларды жариялап, тұтқынның "азапталғаны туралы сөздер бекер" деп хабарлаған. Сенбі күні тергеуші Уәлиевтің көзінше қорғаушыларына тұтқын Ерімбетов әлгі фото мен видеоға өзін түсіруге рұқсат бермегенін айтқан.
Ескендір Ерімбетов пен тағы үш адам өткен жылғы қарашадан бері тергеу абақтысында отыр. Олардың үстінен "БТА банктен қаржы жымқырған" деген күдікпен іс қозғалып, мүліктеріне арест салынған.
Жақтастары Қазақстанның билік орындары бизнесмен Ескендір Ерімбетовті қазіргі кезде шетелде тұратын қарындасы Бота Жәрдемәліні елге, Қазақстанда сырттай 20 жылға сотталған бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа қарсы куәлік беруге көндіру үшін тұтқындады деп біледі.