Ақтөбе облысында өртенген жолаушылар автобусы 2016 жылдан бері техникалық байқаудан өтпеген деп хабарлады индустрия және даму министрлігі.
18 қаңтар күні сағат 10:30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, 52 адам қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 55 жолаушы мен екі жүргізуші болған. Үш жолаушы мен екі жүргізуші аман қалған.
Министрлік ақпаратына қарағанда, 1989 жылы шыққан KassbohrerSetra маркалы автобусы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Автобустың техникалық тексеруден өту мерзімі 2016 жылы 17 ақпанда аяқталған. Автобус тұрақты маршрут бойынша жолаушы тасымалдамаған және тұрақты емес түрде жолаушы тасымалдауға лицензиясы болмаған.
Қайғылы оқиға болған орын облыс орталығы Ақтөбеден 320 километр қашық.
Аман қалған бес адамның аты-жөні жарияланды. Олардың арасында Өзбекстанның екі азаматы - 1988 жылы туған Ахрор Искаков пен 1980 жылы туған Исраилджон Мырзахмедов бар. Қалған үш адам - Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары - Мақсат Пернебков (1985 жылы туған), Барат Таңатаров (1978) және Нұржан Қырғызбаев (1968). Аман қалғандардың екеуін күйік шалған.