Accessibility links

Сот Наталья Уласикті үйіне жақын психиатрлық ауруханаға ауыстырды


Азаматтық белсенді Наталья Уласиктің қарсылық акциясын өткізіп тұрған суреті.
Азаматтық белсенді Наталья Уласиктің қарсылық акциясын өткізіп тұрған суреті.

Алматы облыстық соты 23 қаңтар күні жезқазғандық белсенді Наталья Уласикті үйіне жақын жердегі ауруханада емделуіне рұқсат беріп, бірінші инстанцияда қабылданған сот шешімінің күшін жойды. Бұған дейін Талғар аудандық соты Уласикті Алматы маңындағы Ақтас психиатриялық ауруханасында күштеп емдеу мерзімін тағы да алты айға созу туралы шешім шығарған болатын. Бұл жайында Азаттыққа Наталья Уласиктің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

- Біз оның жақындарымен араласып тұруы үшін үйіне жақын мекемеде емделуі керегін және оны қатаң жағдайда ұстайтындай негіз жоқ, оның қауіпті адам емес екенін айттық. Бақытымызға орай, сот өтінішті қанағаттандырды, - дейді адвокат Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, Уласик ауыстырылатын Қарағандыдағы ауруханадағы жағдай Ақтасқа қарағанда жақсырақ және туыстарының да онымен жолығып тұруына ыңғайлы.

Жанар Балғабаева белсендіге Адам құқығы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросы құқықтық жағынан көмектескенін айтты.

63 жастағы Наталья Уласик әлеуметтік желілерде билікті сынайтын жазбалар жариялаған. Жақындары Уласиктің мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жіберілуіне оның билік туралы айтқандары себеп болды деп біледі.

Оқи отырыңыз: Наталья Уласикті мәжбүрлі түрде емдеу мерзімі ұзартылды

2016 жылдың қазан айында «жала жабу» айыбы бойынша айыпталған азаматтық белсенді Наталья Уласикті Жезқазған қалалық соты сот-медициналық сараптамасы оны ақыл-есі сау емес деп тапқан соң, қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Ол содан бері Ақтастағы науқастар жіті бақылауда болатын арнайы типтегі республикалық психиатриялық ауруханасында жатыр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG