Accessibility links

Киев соты Саакашвилиді түнде үйқамақта ұстауға үкім етті


Украиналық оппозиционер әрі Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили сотта сөйлеп тұр. Киев, 22 қаңтар 2018 жыл.
Украиналық оппозиционер әрі Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили сотта сөйлеп тұр. Киев, 22 қаңтар 2018 жыл.

Киевтің апелляциялық соты Одесса облысының бұрынғы губернаторы, Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиді түнгі уақытта үйқамақта ұстау туралы шешім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, Саакашвилиге кешкі сағат 10-нан таңертеңгі сағат 7-ге дейін үйінен шығуына тыйым салынады. Бұл туралы "Украинская правда" басылымы хабарлады.

Осылайша сот прокуратураның апелляциялық өтінішін қанағаттандырды. Былтыр 11 желтоқсанда Киевтің Печерск аудандық соты оппозициялық саясаткерді үйқамаққа алуды сұраған прокуратураның өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, оны босатқан. Саакашвили содан бірнеше күн бұрын Киевте ұсталған болатын.

50 жастағы Саакашвили сот шешімін өзінің саяси қызметін шектеу деп бағалайтыны туралы мәлімдеген. Ол Украина президенті Петр Порошенконы отставкаға кетіру үшін наразылық акцияларын жалғастыруға уәде еткен.

Тергеу орындары Саакашвилиден "қылмыстық ұйымдарға жәрдемдеседі" және "Ресейге қашқан олигарх Сергей Курченкомен байланысы бар" деп күдіктенеді. Тергеушілердің болжамы бойынша, Саакашвили наразылық акцияларын қаржыландыру туралы Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің "отбасының есепшісі" Сергей Курченкомен келісім жасап, "одан кемінде 500 мың доллар алған".

2017 жылы шілдеде президент Петр Порошенко Михаил Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Билік мұндай шешімге Саакашвилидің "украин азаматтығын алуға өтініш берген кезде шындыққа жанаспайтын мәлімет бергені анықталғаны себеп болды" деп түсіндірген.

Грузия экс-президенті Михаил Саакашвили 2015 жылы 30 мамырда Украина президентінің жарлығымен Одесса облысының губернаторы болып тағайындалардан бір күн бұрын Украина азаматтығын алған. Ол 2016 жылғы 9 қарашаға дейін Одесса облысын басқарған. Қызметтен кеткеннен кейін Саакашвили президент Порошенконы "коррупцияға батты" деп айыптап, билікке қарсылық акцияларын ұйымдастырған.

XS
SM
MD
LG