Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин ақпанның 10-ы күні Сеулде қысқы олипиадаға келген Солтүстік Корея делегациясымен кездесті. Делегация құрамында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Е Чжон да бар.
Кездесу президент резиденциясында өткен. Оңтүстік Корея тарихында Солтүстік Корея басшысының туысымен кездесу бұған дейін болмаған. Пхеньян делегациясы арасында Солтүстік Корея парламенті саналатын Жоғарғы халық жиыны президиумының төрағасы 90 жастағы Ким Ен Нам да бар.
Ким Чен Ынның қарындасы Оңтүстік Корея президентіне ағасының сәлемін жеткізді. Сәлемде президент Мун Чжэ Инді Солтүстік Кореяға қонаққа келуге шақырған.
Қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында Ким Чен Ынның қарындасы АҚШ вице-президенті Майк Пенспен қатар отырды. Бірақ олар бір-бірімен сөйлесіп, араласпағаны байқалған. АҚШ Солтүстік Кореядан ядролық бағдарламадан бас тартуды талап етіп келеді.
Пхеньян Пхенчханда өтетін қысқы олимпиадаға 22 спортшы жіберді. Қос Корея спортшылары бір ту астында жарысқа кірісті.
Көре отырыңыз: Олимпиаданың ашылу салтанаты
Олимпиада 9 ақпанда басталды, 26 ақпан күні аяқталады. Сеул осы уақыт аралығында екі ел арасында келіссөз болады деп үміттеніп отыр. Соңғы уақытта Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран бағдарламасына байланысты екі ел қарым-қатынасы шиеленісіп кеткен еді.