Accessibility links

Адвокат: Ерімбетов прокуратура шақырған шетел сарапшыларына сенбеді


Ескендір Ерімбетов, қамаудағы іскер.
Ескендір Ерімбетов, қамаудағы іскер.

Алматы қалалық прокуратурасы 13 ақпан күні Алматыда қамаудағы бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің азапталғаны туралы ақпаратты тексеру үшін 10 ақпан күні Ұлыбританиядан тәуелсіз екі сот сарапшысы келгенін хабарлады. Сарапшылар прокуратураның шақыртуымен Қазақстан әділет министрлігі жанындағы Алматының амбулаториялық сот-сараптама бөліміне келген. Ерімбетовтің туыстары бұған дейін оны «абақтыда азаптап, қинағанын» хабарлаған еді. Прокуратура азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Мұнда келген сарапшылар беделді, білікті мамандар саналады. Оларға Ескендір Ерімбетовтің психологиялық және жалпы жағдайын анықтап, оған абақтыдағы тергеу кезінде заңсыз тәсілдер қолданылғанына қатысты түпкілікті қорытынды жасау тапсырылған» делінген прокуратура хабарламасында.

Бірақ Ескендір Ерімбетов «сараптамаға шақырылғанына қарамастан, сарапшыларға қажетті мәлімет бермей, сараптамадан өтуден бас тартқан».

Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне Ерімбетовтің Ұлыбританиядан келген мамандардың сараптамасынан бас тартқанын оның өзінен естігенін айтты. Балғабаеваның сөзінше, 10 ақпан күні Ерімбетовті шетелдік сарапшылармен кездестіруге абақтыдан ойламаған жерден алып шыққан. Жанар Балғабаева Ескендір Ерімбетов жанында адвокаты мен қоғамдық қорғаушылары болмағандықтан ол сарапшыларға сенбей, сараптамадан бас тартқанын айтады.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр қарашаның 13-і тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовке сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды.

Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешім «заңды» деген.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында «азаптап жатыр» деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG