Америкалық SpaceX компаниясы 22 ақпан күні әлемде интернет тарататын алғашқы спутниктері бар Falcon 9 зымыран тасығышын ұшырды. Бұл жайлы Twitter-де компания басшысы Илон Маск хабарлады.
Зымыран орбитаға Microsat 2a және 2b деген екі спутникті шығарды. Болашақта Starlink бағдарламасы аясында ғарышқа мұндай 12 мың спутникті ұшыру жоспарланып отыр. Ол спутниктер арқылы Жер бетінде жылдамдығы жоғары интернет таратылмақ.
Ақпанның басында SpaceX компаниясы Falcon Heavy ауыр зымыран тасығышын сынақ ретінде ғарышқа ұшырып көрген. Зымыран тасығыш планетааралық кеңістікке Илон Масктың жеке Tesla көлігін шығарған. Болашақта мұндай зымыран тасығыштарды адамды Марсқа ұшыруға пайдалану жоспарланып отыр.