Accessibility links

Адвокат: Тәтішев өлімі бойынша сотқа шетелден сарапшы шақырдық


Евгений Яворский, банкир Ержан Тәтішев отбасының адвокаты. Шымкент, 23 ақпан 2018 жыл.
Евгений Яворский, банкир Ержан Тәтішев отбасының адвокаты. Шымкент, 23 ақпан 2018 жыл.

23 ақпан күні Шымкенттегі «Отырар» баспасөз орталығында банкир Ержан Тәтішев отбасының адвокаты Евгений Яворский баспасөз жиынын өткізді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Конференцияда адвокат «ТұранӘлем» банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан істе жаңа сараптама қорытындысы ұсынылатынын хабарлады.

Евгений Яворскийдің айтуынша, 27 ақпан күні Тараз қаласында өтетін кезекті сот отырысына америкалық үш сарапшы шақыртылған.

- Олар - сарапшы-криминалистер Майкл Патрик Мерфи және Скот Майкл Перкинск пен Ирис Дейлли. Сарапшылардың 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Ирис Дейлли адам өлтіруде қаруды пайдалану тәсілін айтатын маман. Біз соттан осы сарапшыларды куә етуін сұрап талап-арыз түсірмекпіз, - деді адвокат.

Евгений Яворский сонымен бірге сот отырысында америкалық сарапшылардың бұл іс бойынша жасаған сараптама қорытындысын ұсынатындарын айтты. Оның сөзінше, бұл іс бойынша бұдан бұрын әртүрлі мазмұнда үш рет сараптама жасалынған.

Былтыр қазан айында КТК телеарнасынан бизнесмен, «бопсалау» айыбымен сотталған Мұратхан Тоқмадиге қатысты арнайы фильм көрсетілген. Фильмде Тоқмади «ТұранӘлем» банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті аңға шыққан кезінде «қасақана атып өлтіргенін», ал оған тапсырысты «банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бергенін» мәлімдеген. БТА Банкінің бұрынғы басшысы, шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовті Қазақстан билігі 2017 жылы маусымда «қаржы жымқырды» деп айыптап, сырттай 20 жылға соттаған.

Оқи отырыңыз: Қамаудағы кәсіпкердің "мойындауы"

«Казстройстекло» компаниясының бұрынғы иесі, жеті ай түрмеде отырған Мұратхан Тоқмадиді былтыр қазанда Алматы соты бопсалады және заңсыз қару сақтады деп айыптап, үш жылға соттаған. Мұның алдында билік бизнесменнің прокурормен «кінәсін мойындайтыны туралы» процессуалдық келісім жасасқанын мәлімдеген. 52 жастағы Тоқмади 2017 жылы 12 маусымда Алматыда арнайы құрылымдардың операциясы кезінде ұсталып, қамалған. Туыстары мен жақтастары Тоқмадиге қарсы айыптардың «ойдан құрастырылғанын» айтады.

Өзін Қазақстан билігіне қарсы қоятын Мұхтар Әблязов Интернеттегі мәлімдемелерінде өзіне тағылған айыптарды терістейді және олардың саяси астары барын айтады. Ол Тәтішевтің өлімі туралы іс ҰҚК-нің тапсырмасымен қайта қаралып отыр деп біледі.

Ержан Тәтішев 2004 жылы желтоқсанда Жамбыл облысы аумағында оқ тиіп өлген. Былтыр күзге дейін билік 37 жастағы банкир «аңшылық кезінде жазатайым мерт болды» деп келген.

XS
SM
MD
LG