Accessibility links

Түркіменстанда мемлекеттік қызметшілерді велосипед алуға міндеттеді


Түркіменстанда велосипед теуіп жүрген адамдар. Мемлекеттік телеарнадан скирншот. Ашғабат, 22 ақпан, 2018 жыл
Түркіменстанда велосипед теуіп жүрген адамдар. Мемлекеттік телеарнадан скирншот. Ашғабат, 22 ақпан, 2018 жыл

Биыл Түркіменстандағы әр мемлекеттік кәсіпорын жаппай веложарысқа қатысуға орташа есеппен үштен алты адамға дейін жіберуі тиіс және ол адамдар өз есебінен велосипед сатып алатын болады. Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) хабарлауынша, елдегі кейбір мекемелерде велосипедтің ақшасын ұжым болып ортақтасып төлеп сатып алуды ұйғарған.

"Кәсіпорын қызметкерлері веложарысқа қатысатын әріптестеріне велосипед сатып алуына бірігіп ақша жинайтын болып шешім қабылданды. Түркіменстанда велосипед шығаратын зауыт жоқ, бір велосипедтің бағасы 3000-4000 манат (375 мың теңгеге жуық – Азаттық.) болады ", - деп хабарлады Азатлык тілшісі. Оның сөзінше, төлейтін жарна мөлшері кәсіпорында істейтін адамдар мен ұжым атынан веложарысқа қатысатындар санына қарай белгіленеді.

Азатлық тілшісі сөйлескен тұрғындардың айтуынша, жұмысынан айырылып қалудан қорқатын мемлекеттік қызметшілер басшылықтың айтқанына қарсы келмей, велосипед сатып алуға ақша тапсыруға мәжбүр.

"Қызметкерлерге бұл халықаралық шара, оған қатысқандарыңа қуануларың керек деп айтты", - дейді Ашғабаттағы мемлекеттік мекемелердің бірінің қызметкері. Оның айтуынша, басшылықтың бұйрығы бойынша, сатып алынатын велосипед міндетті түрде ақ түсті болуы тиіс.

Оқи отырыңыз: "Спорт державасы" болғысы келетін елдегі ысырап

Сәуірге жоспарланған веложарысты мемлекет ұйымдастырып отыр. Ел басшысы, үкімет пен парламент мүшелері, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер, мемлекеттік қызметшілер мен студенттердің қатысуымен өтетін жаппай велошеру жыл сайын өтетін дәстүрлі "Денсаулық пен бақыт" айлығын бастайды.

Алғаш рет бұл айлық 2015 жылы тұрғындар арасында жаппай дене шынықтыру мен спорт және мәдени-сауықтыру шараларын насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған болатын. Содан бастап жыл жайын бүкіл ел көлемінде азаматтар бір ай бойы жаппай тұрақты спорттық шараларға және міндетті өндірістік дене жаттығуларына қатысады.

Соңғы жылдары елде биліктің ұйымдастыруымен өтетін түрлі шараларға ақша жинау кең таралған. Мысалы, былтыр Түркіменстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарының басшылығы өз қызметкерлерінен мемлекеттік телеарнадан көрсетілген спорттық шерулерге қатысушыларға арнайы спорт киімдерін сатып алуға ақша жинаған.

Денсаулық айлығын өткізу туралы бастама иесі – Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов салауатты өмір салтын насихаттаушы және спорттың әр түріне жақын басшы ретінде көрініп жүр. Мемлекеттік телеарна президенттің веложарыс, ат бәйгесі, спорттық көлікпен жарысу, гольф және спорттың көптеген өзге де түрлері бойынша өткен сайыстарда қол жеткізген табыстары туралы сюжеттерді үнемі көрсетіп тұрады.

ВИДЕО: Бердімұхамедов бәйгеден бірінші келді (30 сәуір 2017 жыл)

"Арқадағ" бәйгеден бірінші келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00

XS
SM
MD
LG