Accessibility links

Полиция: Скрипаль жүйкені жансыздандыратын заттан уланған


Полиция Сергей Скрипаль мен қызы ес-түссіз күйі табылған сауда орталығының алдында тұр. Солсбери, 7 наурыз 2018 жыл
Полиция Сергей Скрипаль мен қызы ес-түссіз күйі табылған сауда орталығының алдында тұр. Солсбери, 7 наурыз 2018 жыл

Ағылшын сарапшылары Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның жүйкені жансыздандыратын заттан уланғанын анықтаған. Бұл туралы Ұлыбритания ішкі істер министрі Эмбер Радд хабарлады, бірақ әлгі заттың атауы жайлы ашып айтпады.

Тергеушілер бұл заттың Ұлыбритания аумағында бар-жоғын және оның елге қалай жеткізілгенін анықтап жатыр.

Бұған дейін Скрипаль мен қызының улануына қатысты істі тергеумен полицияның терроризммен күрес бөлімі айналысатыны туралы хабарланған.

66 жастағы Сергей Скрипаль мен қызы, 33 жастағы Юлия Скрипаль наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығында ес-түссіз халде жатқан жерінен табылған. Ауруханаға жеткізілген екеуіне синтетикалық опиоидті фентанилмен уланған болуы ықтимал деген диагноз қойылған. Кейін Скрипальдың ісімен айналысқан екі полиция қызметкері де ауруханаға түскен, дәрігерлер олар да әлденеден уланып қалған тәрізді деп хабарлаған.

ГРУ-дың бұрынғы полковнигі Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль де болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.

XS
SM
MD
LG