Ұлыбританияның Солсбери қаласында 180-ге жуық әскери қызметкерлер жүйкені жансыздандыратын зат қалған болуы ықтимал нысандарды залалсыздандыру шараларына кірісті. Химиялық заттармен жұмыс істейтін әскери мамандардың арнайы миссиясына полиция қызметкерінің қатерлі заттан уланып қалуы түрткі болған.
Полиция сержанты Ник Бейли жақында қызымен бірге ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген бұрынғы ресейлік барлаушы Сергей Скрипальдің үйіне барғаннан кейін көп ұзамай денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен. 66 жастағы Сергей Скрипаль мен 33 жастағы қызы Юлия Скрипаль наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығы маңындағы орындықта ес-түссіз күйде жатқан жерінен табылған.
Британ тергеушілері әкелі-балалы Скрипальдар табылған жерде болған және кейін олардың үйін көруге барған Ник Бейлиге улы зат қай жерде жұққанын анықтаумен айналысып жатыр. Тергеуге жақын дереккөздер полиция өкіліне әлгі зат ресейліктер тұрған үйде болған кезінде жұққан болуы мүмкін деп топшылайды.
Guardian басылымының жазуынша, теңіз жаяу әскері мен арнайы химиялық қорғаныс бөлімшесі қызметкерлері оқиғаға қатысы бар жерлерден табылған улы зат үлгілерін сақтау және уланған болуы мүмкін деген күдікке ілінген ауданнан автокөліктерді алып шығу үшін шақыртқан. Әскерилер қоршалған аудандағы жергілікті тұрғындарды сабыр сақтауға шақырған.