Ауғанстан билігі үкімет күштері елдің батысындағы Фарах уәлаятында "Талибан" қозғалысы содырлары басып алған аудан орталығын аз уақыттан кейін қайтарып алғанын хабарлады. Ауғанстан қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Даулат Вазери 12 наурызда Азаттықтың Ауған редакциясына үкімет күштері Талибан жасақтарымен бірнеше сағат шайқасып, уәлаяттың Анардара ауданының орталығынан шегінгенін айтқан. Бірақ ішкі істер министрлігі баспасөз хатшысының орынбасары Нусрат Рахими кейінірек содырларға әуеден шабуыл жасалған соң қауіпсіздік күштері аудан орталығын қайта бақылауға алғанын хабарлады.
Рахими әуе шабуылынан 56 содырдың көзі жойылып, ондаған содырдың жараланғанын айтады. Оның сөзінше, "Талибан" содырлары ауданның бір бөлігін жарты сағаттай ғана бақылаған.
Фарах уәлаятының кеңесінің басшысы Фаред Бахтауир алғашқы мәліметтер бойынша, содырлардың 11 наурыз күні кешке бастаған шабуылынан үкімет күштерінің 15 сарбазы қаза тауып, жараланғанын хабарлады.
Шабуылды "Талибан" қозғалысы мойнына алды. Ұйым шабуылда "15 полицейдің көзін жойып, әскери көліктер мен көп көлемде оқ-дәріні қолға түсіргенін" мәлімдеді.