Accessibility links

"Зорланған баланың" бейімдеу орталығында еместігі айтылды


Шарипа Батырбекова мен немересі. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 13 наурыз 2018 жыл.
Шарипа Батырбекова мен немересі. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 13 наурыз 2018 жыл.

ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны Шарипа Батырбекова мен оның "сексуалдық зорлыққа ұшырады" деп сипатталған жеті жасар жиені "Шымкенттегі қонақ үйдің бірінде отырғаны" хабарланды. Бұл туралы Азаттыққа Шарипа Батырбекованың сіңілісі Азиза Батырбекова айтты.

- Үшеумізді Ішкі істер департаментінен шыққан соң жиһаздары бар бір жерге алып келді. Қонақ үй деп айтты. Есіктің алдында бірнеше ер адам қарап отыр. Ішкі істер департаментінде Зағипа Балиевамен (бала құқықтары жөніндегі уәкіл, депутат - ред) кездестік. Ол баланы Астанаға алып барайық деді. Алдағы уақытта Астанаға баратын шығармыз, - деді Азиза Батырбекова.

14 ақпанда ОҚО ішкі істер департаменті Азаттыққа Шарипа Батырбекова мен жиені кәмелетке толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығына жеткізілді деп хабарлаған. Батырбекованың сенімді өкілі Құрманғазы Мүсір Азаттық тілшісіне "бейімдеу орталығына бардым, ондағылар ешкім келмегенін айтты" дейді.

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттық тілшісіне жеті жасар жиенін былтырғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан.

Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

14 наурыз күні Батырбекова мен жиенін полиция ұстағаны хабарланған. Жергілікті қоғам белсендісі Дінмұхамед Артықовтың айтуынша, Батырбекова мен оның жиенін сәрсенбі кешкі сағат 20.00 шамасында Шымкент вокзалынан Алматыға жүрейін деп тұрған жерінен жиырма шақты полицей күштеп алып кеткен.

XS
SM
MD
LG