Accessibility links

Құлдықта болған әйел арыздануға қорқады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Адамдарды құлдықтан құтқаруға жәрдемдескен құқыққорғаушы Қазақстанда адам еңбегін тегін пайдалану кең тарағанын, айыптылардың жазаға тартылмайтынын айтады. Ішкі істер министрлігі ақпараты бойынша, өткен жылы елде құлдыққа салу дерегі бойынша 15 іс қозғалған.

Алпыс жастағы Галина Паскарюк құлдықта өткен төрт жылын өмірінің ең сұмдық кезеңі ретінде еске алады. Қарағанды облысындағы алыс қыстақта аса ауыр жұмыстарды істеген әйел қашып кетпек болған кезде аяғын үсітіп алған соң "қожайынына" керексіз болып қалған.

"ЖҰМЫС ІЗДЕП БАРЫП, ҚҰЛДЫҚҚА ТҮСТІМ"

2007 жылы Галина Паскарюк "аспаз болып істесең 30 мың теңге жалақы төлейді" дегенді естіп қыстаққа барған. Өз айтуынша, ол жерге әпкесіне құрылыс бояуларын сатуға көмектесуге барыпты. Галина "құл иеленушілердің" фамилиясын әлі күнге дейін білмейді. Рахат есімді "қожайынның" төрт ағайынды екенін және ірі мал шаруашылығы бар екенін ғана біледі. Галина ол жерге барғанда сиыр қораны көрген, онда ондаған жұмысшы тұрып жатыр екен.

- Оларға ас дайындадым, кейін сиыр саууға мәжбүрледі. Бұрын сиыр сауып көрмеген едім, бірақ бізді аямай ұрды. Күріш жармасы мен ішек-қарын берді, содан тамақ жасап жеңдер деді. Табында 180 сиыр мен 300 қой болса да ешқашанда ет жеген емеспіз, - деді Азаттыққа басынан өткен жағдайды баяндаған Галина Паскарюк.

Еңбек құлдығында болған Галина Паскарюк. Астана, ақпан, 2018 жыл
Еңбек құлдығында болған Галина Паскарюк. Астана, ақпан, 2018 жыл

Бір жылдан соң Галинаның ұлы Алексей Белоусов базарда анасына қыстақ адамдары келгенін естіп, оны тауып алған. Бірақ ферма иелері Алексейді де ұрып-соғып, жұмыс істеуге мәжбүрлейді. 2010 жылы Жаңа жылдың алдында ферма қожайындары жоқ кезде Галина мен ұлы қыстақтан қашып кетуге бел байлайды.

- 14 километр жаяу жүрдік, тас жолға бір километрдей ғана жол қалған еді. Аяғымда жаздық кроссовка бар еді, басқа киімім болмады: төрт жыл бұрын базарда жолыққанда киген киімдеріммен жүрдім. Суықтан аяғым қатып қалды, жүре алмай қалдым. Балама мені тастап, жолға жет дедім. Ол мені қалдырғысы келмеді, айналамызда қасқырлар ұлығанын естідік, солар жеп қояр деп қорықты, - дейді Галина.

Оларды қуып жеткен қыстақ иесі қайтар жолда да жаяу жүргізген. Қыстаққа жеткенде кроссовканы аяғынан әрең шешіп алған, пышақпен тіліп қана ажыратқан. Соған қарамастан әйелге ешқандай медициналық көмек көрсетпеген, "қожайын" жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Галина сиыр саууға шамасы келмей, тамақты жатып істегенін, әжетін өтеуге де халі жетпей, зәр сындыруға ұлы мен басқа әйелдер берген пластик шөлмек пайдаланғанын айтады. Аяғы қарая бастаған кезде "қожайын" бір май алып келген. 22 күннен соң әйелдің аяғы шіри бастаған, сонда ғана қыстақ иесі Галинаны ауруханаға апарып, сол жерде аяғына операция жасаған. Ауруханадан шыққан соң әпкесіне оралған. Алданып қалған Галина Паскарюк фермер Рахаттың үстінен ешқандай арыз түсірмеген. Қолында құжаттары да жоқ, одан бұрын "қожайын" өш алады деп қорқады.

- Өз еркіммен бардым. Маған малға қарайсың, сиыр сауып, тамақ дайындайсың, еңбегің үшін жалақы төлейміз және ет береміз деді. Сөзіне сеніп қалдым. Жүздеген сиыр саудым, бірақ бір стақан сүт ішкен емеспін. Тамақты ішек-қарын мен макароннан пісіріп жедік. Тонналап май шайқадым, бірақ бір қасығы ерніме тиген емес. Бір айда он адамға бес килограмм қант беретін. Бәріміз жатақхана сияқты бір бөлмеде тұрдық. Бәрін қатты ұрып-соғатын. Бір жас жігіт қашып кетпек болды – оны ұстап алып, аяқ-қолын сындырды. Аурудан жаны шырқырап жатса да әлгіні жұмыс істеуге мәжбүрледі, - дейді Галина.

Қыстақтан Галинаның ұлы қашып кеткенде "қожайын" өш алады-ау деген қорқыныш одан әрі күшейген. Паскарюк ауруханаға түскен соң екі аптадан кейін Алексей қайтадан қашып кеткен. Қыстақ иесі Галина мен ұлын қайтадан қыстаққа қайтаруға тырыспаған сияқты.

ПОЛИЦИЯҒА ЖҮГІНГІСІ КЕЛМЕЙДІ

Құқыққорғаушы әрі адам саудасының құрбаны болғандарға уақытша баспана ұсынатын "Көмек" орталығының жетекшісі Анна Рыльдің айтуынша, адамдар мұндай қыстақтан қашқанда қожайындарын жазалағасы келеді, шағым түсіруге келіседі, кейін ішімдікке салынады, сосын өздерін ұстаған жерге оралғысы келмейтіндерін айтады.

Көбі қожайындарды жауапқа тартуға болатынына сенбейді. Анна Рыль құлдықтан шыққандардың арызы бойынша жауапқа тартқан тек бір жағдайды біледі, ол кезде айыптыларды соттамаған. Құқық қорғаушының айтуынша, судья "мен осы ауылда тұрамын" депті.

Адам саудасы құрбандарына жәрдемдесетін "Көмек" орталығының жетекшісі Анна Рыль
Адам саудасы құрбандарына жәрдемдесетін "Көмек" орталығының жетекшісі Анна Рыль

- Құлдықтан шыққан адамдар ешқашанда мәжбүрлі еңбегі үшін материалдық өтемақы ала алмайды. Тек бір жігіт қана өтемақыға қол жеткізді. Кездейсоқ жол үстінде қалып қалған оны жол-жөнекей өткен көліктегі адамдар алдап машинаға отырғызып, қыстаққа алып барған, ұрып-соғып, жұмысқа салған. Оған қашудың сәті түскен, дереу полицияға барып, төлем өндіріп алған. Материалдық және моральдық шығын үшін төрт мың доллар өндіртіп алды. Бірақ ол жігіт басқаларға қарағанда заңды білетін, қолында құжаттары болған, - дейді Анна Рыль.

Құқыққорғаушының айтуынша, құлдыққа көбіне балалар үйінің тәрбиеленушілері, үйсіз-күйсіз жандар, ішімдікке салынғандар, психикалық сырқаты барлар және қаңғыбас-кезбелер түседі. Ондай адамдар ешқайда арыз жазып, шағымданбайды. Өздерін құлдықта ұстағандарды дереу анықтау үшін полицияға бармайды. Бастарынан өткен жағдайды басқа адамдарға айтады, бірақ полицияға барғысы келмейді. Қожайын мен оның туыстары ұстап алып, өш қайтарады деп қорқады.

Адамдарды еріксіз жұмысқа салатын алыс қыстақтар мен ферма қожалықтарын еңбек инспекциясы тексермейді. Басты себеп – қашықта орналасқан, кей шаруашылықтарда ұялы байланыс ұстамайды, қалалық телефондар жоқ. Ұзақ уақыт құлдықта жүрген адамдар сондай өмірді қалыпты санай бастайды. Олар басқа жұмысшыларды өсектеп, қожайынға жағынуға тырысады, қашпақ болғандарды оған жеткізеді. Солайша артықшылықтарға ие болады. Соның арқасында жұмысшыларды бақылау оңайға түседі дейді құқыққорғаушы.

- Ауылда ешкім жұмысшының құқығын қорғап, фермерге қарсы сөйлемейді. Адамдар көреді, өзара сыбырласады, бірақ полицияға бармайды, себебі ертең сол қожайын оны сабап тастайды. Кейде адамдар қашып кетіп, полицияға хабарласатын жағдайлар болады. Егер адам дереу мәлімдесе, қожайынды жазалауға мүмкіндігі бар. Жұмысшылар үшін өтемақы алған кездеріміз де бар. Бірақ көбіне құлдықтан қашқандар тығылып жүреді, таныстарының үйінде жатады, біреулер полицияға бар деп ақыл айтады. Апта, ай өткенде адам арыз жазады, тергеу тобы жеткенде қожайын өзін әшкерелейтін айғақтардың бәрін жойып тастайды. Өзінде қалған жұмысшыларды қорқытып қоятындықтан сотта қожайынға қарсы куәгер болуға олардың батылы жетпейді, - дейді Анна Рыль

"ДӘЛЕЛДЕУІ ҚИЫН" ҚЫЛМЫС

- Еңбек құлдығын қылмыс ретінде дәлелдеу қиын, адам тек көргенін айтады. Оны күштеп жұмыс істеуге мәжбүрлегені, ұрып-соқаны жөнінде айтып бере алатын куәгерлер болуы керек. Бірге істеген жұмысшылар үндемейді, қорқады. Қылмысты дәлелдеу өте қиын. Ферма қожайыны "оны күштеп ұстаған жоқпын, қалаған уақытында кете беруіне болатын" деп айтады. Ең жақын ауылға дейін 14 километр болса, ол қалай кетеді? Қыста қаша алмайсың: үсіп, мерт боласың, далада қасқырлар толып жүр, - дейді Анна Рыль.

Құқыққорғаушы қолданыстағы заңда адам еңбегін пайдалану туралы бұлыңғыр жазылғанын айтады. Анна Рыльдің сөзінше, Қазақстан Қылмыстық кодексінің "Бас бостандығынан заңсыз айыру" туралы 126-бабы еріксіз күштеп қолда ұстауды білдіреді. Ал қосымша әдіс-айламен: қорқытып, материалдық игілік көресің деп алдап ұстауды құлдықта ұстауға жатқызбайды. Ал Қылмыстық кодекстегі 128-бап ("Адамдарды саудалау") адамдарды тасымалдау, пайдалану, сатудың бәрін қамтиды.

- Пайдалану деген түсінікке жеке норма керек деп санаймын. Адамдарды пайдалану туралы нақты жеке бап болуға тиіс. Иә, Қылмыстық кодексте пайдалану туралы түсінік бар, 3-бөлімде пайда табу үшін бөтен еңбекті пайдалану, жұмысшыны қорқытып, зорлық көрсету туралы айтылған. Бірақ ол жеткіліксіз. Ал шынжырлап байлап қоймаса, ол қоршаудан шығып, көмек сұрай алатындай болса, ол пайдалану емес, жалақы төлемей алаяқтық көрсету, оны азаматтық іске жатқызады. Бұл адамдардың құжаттары жоқ, келісім-шарт жасалмаған, қожайын: "Жалақы берем деген жоқпын, менің үйімде тұрасың, тамағың менен, сол үшін жұмыс істейсің дедім" деп шығады, - дейді құқыққорғаушы Анна Рыль.

Ішкі істер министрлігі Анна Рыльдің пікірімен келіспейді, Қылмыстық кодекске "Еңбек құлдығы" туралы жеке бап енгізу қажет деп санамайды. Министрлік қолданыстағы заңда мәжбүрлі еңбек үшін жауапқа тарту жазылған, сондықтан тағы бір бап қосу орынсыз деп санайды.

Азаттықтың сұрауына министрлік 2013 жылы бірнеше кодекске өзгеріс енгізілгені, онда адам саудасына қарсы тұру туралы заңды "халықаралық конвенцияларға сәйкестендіру" көзделгені туралы жауап қайтарды.

"Солайша Қылмыстық кодексте адамды пайдалану туралы түсініктеме берілген, атап айтқанда, кез-келген күш қолдану арқылы жасалған еңбек иесін мәжбүрлі еңбек етуші деп тану бар, Қазақстан Республикасы заңдарында қарастырылған жағдайлардан басқа, сол адам өз еңбегін ерікті ұсынбаса, бұндай еңбек мәжбүрлі саналады", - делінген ІІМ жауабында.

ІІМ дерегі бойынша, 2017 жылы адам еңбегін пайдаланғаны үшін Қазақстанда 15 қылмыстық іс қозғалған (2016 жылы – 18 іс), осы істер бойынша 20 жапа шегуші анықталған (2016 жылы – 21 адам). 2017 жылы осындай қылмысы үшін 36 адам жауапқа тартылған: оларға екі жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Еңбек құлдығында болған Галина Паскарюк бұрынғы "қожайынын" жауапқа тартқысы келмейді. Әйел оның айыбын дәлелдей алатынына сенбейді. Ұлы Алексей Белоусовпен екеуі қазір Астанада бөлме жалдап тұрып жатыр. Алексей отбасын құрып, екі бала тәрбиелеп отыр, құрылысқа жұмысқа орналасқан.

Құлдық кесірінен башпайсыз қалса да Галина Паскарюк өздігінен жүре алады, әртүрлі жұмыстар істеп күн көреді. "Көмек" орталығындағы құқыққорғаушылар оның құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдесіп жатыр. Галина Паскарюк жеке куәлігім қолыма тисе ең төменгі болса да зейнетақы алармын деп үміттенеді.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG