Ресей арнайы қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль жүйке жүйесін жансыздандыратын "Новичок" затымен алғаш Солсберидегі үйінің есігінде уланған деп мәлімдеді Лондон полициясы. Скотланд-Ярд мәлімдемесінде мамандар удың ең жоғарғы концентрациясын Скрипальдің үйіне кіреберістен тапқаны айтылған.
Полиция у белгілері Солсбериде Скрипаль мен қызы Юлия болған басқа да жерлерден табылғанын хабарлап отыр. Бірақ осы жерлердегі у мөлшері үйде табылғаннан аз болған.
Наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланып қалған. Тергеушілердің болжамынша, оларды кезінде СССР-да жасалған "Новичок" деген жүйкені жансыздандыратын затпен уландырған. Лондон бұның артында Мәскеу тұр деп санайды. Ресей уландыру оқиғасына қатысы жоғын мәлімдеген.
Скрипальдің улануына байланысты Ұлыбритания 23 ресейлік дипломатты елден шығарған. Ресей де бұған жауап ретінде Ұлыбританияның 23 дипломатын еліне қайтарған. АҚШ, Канада, Австралия және Еуропа Одағының бірнеше елі мен Украина Ұлыбританияның бұл шарасын қолдап, кейбір ресейлік дипломаттарды елден шығарған.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания билігі ел аумағындағы ресейлік азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды деп мәлімдеген. Министрлік Лондон "Скрипаль ісі" бойынша Мәскеуді еш дәлелсіз айыптап отыр деп біледі.