Шымкенттік азаматтық белсенді Ардақ Әшім жүйке аурулары емханасына мәжбүрлеп емдеуге бір айға жатқызылған деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Шымкент қалалық қалалық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны 27 наурызда шығарған. Сот қаулысында 20 наурызда Ардақ Әшімге қатысты сот психиатриалық сараптама жасалғаны айтылады. Сараптама қорытындысында Ардақ Әшімнің "2015 жылдан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратыны" анықталған.
Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері емдеу ісі бойынша дәрігердің орынбасары Шавкат Мирановтың Азаттыққа айтуынша, Ардақ Әшімді емдеу шаралары әлі басталмаған. Миранов Ардақ Әшімнің бұған дейін жүйке ауруымен ауыратындар есебінде тұрғаны, я тұрмағаны жөнінде оның заңды өкілінен өзге адамға мәлімет бере алмайтынын айтты.
Осыдан екі апта бұрын полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйін тінткеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан.
Бұған дейін Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім есімді қолданушы Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жарияланғаны анықталғаны", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны туралы хабарлаған болатын.
Ардақ Әшім бұдан өзге жергілікті белсенді Сүйін Абулданың оған қарсы берген шағымы негізінде, Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған тағы бір іс бойынша айыпталушы ретінде сотқа тартылып жатыр.