Accessibility links

ІІД: Forbes Kazakhstan мен Ratel үстінен арыз түскен


Полиция көліктері (Көрнекі сурет).
Полиция көліктері (Көрнекі сурет).

Алматы полициясы Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz сайты редакцияларының тінтілуіне қатысты комментарий берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы ішкі істер департаментінің (ІІД) ақпаратына қарағанда, 30 наурыз күні К. есімді азаматтан екі интернет портал қызметкерлерінің үстінен "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" фактісі бойынша арыз түскен. Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабы 3-бөлімі ("Көпе-көрінеу жалған ақпар тарату") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Департамент тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат беруден бас тартқан.

2 сәуірде Алматыда полиция Forbes Казахстан журналы мен Ratel.kz сайты редакцияларына тінтуге барғаны және журнал редакторының орынбасары Александр Воротиловты, Ratel.kz бас редакторы Марат Әсіпов пен оның орынбасары Сапа Мекебаевты және журналист Анна Калашинковты алып кеткені хабарланған.

2017 жылы Алматы соты бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжанов пен ұлы Илхалид Кәкімжановтың пайдасына Forbes Kazakhstan және Ratel.kz-тен 50 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарған.

Ratel.kz пен Forbes.kz журналистік зерттеулерінде "Зейнолла Кәкімжановтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар" деген тұжырым жасаған. Сот сонымен қатар Forbes.kz сайты мен оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан 10 мақаланы жоюға және тағы тоғыз мақалада келтірілген мәліметтерді терістеуге міндеттеген. Ratel.kz сайты сот "шындыққа сәйкеспейді" деп тапқан 13 мақаланы жойып, терістеуге міндетті болған.

Сот шешімімен келіспеген басылым журналистері оған шағымданатынын мәлімдеген. 30 наурызда Алматы соты Ratel.kz сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG