Accessibility links

Ардақ Әшімнің туыстары апелляциялық шағым түсірді


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.

Шымкенттік азаматтық белсенді Ардақ Әшімді бір айға жүйке аурулары ауруханасына мәжбүрлеп емдеу туралы сот қаулысына туыстары аппелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Азаттыққа Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшімова хабарлады.

Айнұр Әшімованың сөзінше, сот шешімін 2 сәуір күні алған. Ал аппелляциялық шағымды 5 сәуір кешке түсірген.

- Қаулының күші жойылуы үшін қандай заң бұзушылықтар болғанын атап өттік. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 511-бабы бойынша анамды жүйке аурулары ауруханасына жатқызбас бұрын туыстарына хабар беру керек. Ал біз анамды ауруханаға жатқызған соң барып, бір-ақ хабардар болдық, - дейді Айнұр Әшімова.

Шымкент қалалық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны 27 наурызда шығарған. Сот қаулысында 20 наурызда Ардақ Әшімге қатысты сот психиатриалық сараптама жасалғаны айтылады. Сараптама қортындысында Ардақ Әшімнің "2015 жылдан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратыны" жазылған.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылғаны хабарланған.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері емдеу ісі бойынша дәрігердің орынбасары Шавкат Мирановтың Азаттыққа айтуынша, Ардақ Әшімді емдеу шаралары әлі басталмаған. Миранов Ардақ Әшімнің бұған дейін жүйке ауруымен ауыратындар есебінде тұрғаны, я тұрмағаны жөнінде оның заңды өкілінен өзге адамға мәлімет бере алмайтынын айтты.

Осыдан екі апта бұрын полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйін тінткеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан.

Бұған дейін Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын айтқан.

Ардақ Әшім бұдан өзге жергілікті белсенді Сүйін Абулданың оған қарсы берген шағымы негізінде, Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған тағы бір істе айыпталушы ретінде сотқа тартылған.

XS
SM
MD
LG