11 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді Пентагонның Сирияға жасауы мүмкін зымыран шабуылына дайын болуға шақырып, сес қылды. Twitter-де осы мазмұнды твит жариялаған Трамп Ресейдің америкалық зымырандарды атып түсіруге қауқарлы екені туралы мәлімдемесіне жауап қатты.
"Сақтан, Ресей, өйткені мықты, жаңа және ақылды [зымырандар] ұшып келеді. Өз халқын газбен өлтіріп, содан ләззат алатын хайуанмен әріптес болу жарамайды" деп жазды ол. Трамп соңғы сөздерінде "хайуан" деп Сирия президенті Башар Асадты атап жүр.
Және бір твитінде Трамп АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы "Қырғи-қабақ соғыс" кезеңінен де нашарлап кеткенін мәлімдеді. Ол Ресейдің дәл қазір АҚШ-тың экономикалық көмегіне мұқтаж екенін, барлық ұлыстар бірлесе қимылдау керек екенін ескертті. Трамп твитін: "Бәлкім қарулану жарысын тоқтатарсыңдар?" деп аяқтаған.
Трамптың "ақылды зымырандар" туралы сөзіне Ресейдің сыртқы істер министрлігі реакция танытты. Министрлік өкілі Мария Захарованың сөзінше, бұл зымырандар "заңды үкіметтің емес, терроршылардың тарабына қарай ұшуы керек". Захарова: "Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы "бұл зымырандардың [Сирия] жерінде химиялық қару қолдану айғақтарын жойып жіберетінін біле ме екен?" деп сұрады. Оның не айғақтар екенін өкіл анықтап айтпады.
Сәл бұрын Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй президент Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде Асад әскеріне қарсы әуе шабуылына қосылу үшін Лондонға Сирияда химиялық қару қолдану оқиғасы бойынша көбірек дәлел керек екенін айтқан.
10 сәуірде Трамп ары кетсе екі тәулік ішінде Сириядағы химиялық қару қолдану әрекетіне қандай жауап қайыратынын жариялайтынын білдірген. Франция Сирия әскерінің химиялық шабуылға қатысы бар екені анықталса, АҚШ-пен бірге қатаң түрде қарымта қайтаратынын ескерткен.
Батыс елдері өткен сенбіде Сирияның Дума қаласына жасалған химиялық шабуыл Асад әскерінің ісі деп санайды. Дамаск мен Ресей бұл айыптауларды терістеп келеді.